Қызылордада полицейлер тұрғынның 16 млн теңгесін алаяқтардан сақтап қалды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Белгісіз адамдар тұрғынға телефон соғып, өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар түрлі айла-тәсілдер мен психологиялық қысым көрсетіп, азаматты ақшасын "қауіпсіз есепшотқа" аударуға көндірмек болған.
Алаяқтардың сөзіне сенген тұрғын бірнеше банктен өзінің және әйелінің атына жалпы сомасы 16 млн теңге несие рәсімдеп үлгерген.
Осыдан кейін алаяқтар оны осы қаражатты өздері көрсеткен шоттарға аударуға үгіттеген. Алайда күмәнді әрекеттерді байқаған азамат дереу полицияға хабарласқан.
Оның өтінішіне жедел ден қойған киберполиция қызметкерлері қажет шараларды қабылдап, қомақты қаражат алаяқтардың қолына түсуіне жол бермеген.