Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Жыл басынан бері ұйымдасқан қылмысқа қатысты 50 іс қозғалған

Жыл басынан бері ұйымдасқан қылмысқа қатысты 50 іс қозғалған
polisia.kz

Қазақстанда жыл басынан бері ұйымдасқан қылмысқа қатысты 50 іс қозғалған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Негізгі басымдық ықтимал қауіп-қатерлерді уақтылы анықтауға және жаңа қылмыстардың жасалуына жол бермеуге бағытталған. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру және олардың қызметіне қатысу, оның ішінде трансұлттық сипаттағы қылмыстар бойынша 50 қылмыстық іс қозғалды.

Сонымен қатар қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыруға жол бермеу бойынша шаралар қабылдануда. Азаматтарды бопсалаудан қорғауға ерекше назар аударылуда. Полиция 440-тан астам осындай деректі анықтады.

Олардың қатарында кәсіпкерлерге және білім беру ұйымдарына қатысты фактілер де бар, - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Жалпы түрлі қылмыс жасағаны үшін 240-тан астам криминалдық орта өкілі қылмыстық жауаптылыққа тартылуда. Уақтылы қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде ауыр және аса ауыр қылмыстар жасауға қатысы бар 40-тан астам топтың қызметіне тосқауыл қойылды. Қылмыстардың алдын алу мақсатында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністерінің қызметкерлері заңсыз айналымнан 380-ге жуық атыс және травматикалық қару, сондай-ақ 5 мыңнан астам оқ-дәріні тәркіледі.

Адамды қанауға байланысты қылмыстардың алдын алуға да ерекше көңіл бөлінуде. "Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы" Заңды іске асыру аясында 135 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Зардап шеккендерді қорғау, оларға қажетті әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсету бойынша шаралар қабылданды.

- ІІМ ең алдымен қылмыстардың алдын алуға, азаматтардың қауіпсіздігіне төнетін қатерлерді уақтылы жоюға және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмысты жалғастырады. Қоғам өмірінің барлық саласында "Заң мен Тәртіп" қағидатын қамтамасыз ету полиция қызметінің сөзсіз басымдығы болып қала береді, - деді Қуандық Алпыс.