Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

ҰҚК мен ІІМ-нің қызметтік куәліктерін сатқан: Атырау облысында "ерекше" бизнеске тосқауыл қойылды

ҰҚК мен ІІМ-нің қызметтік куәліктерін сатқан: Атырау облысында "ерекше" бизнеске тосқауыл қойылды
ІІМ

Атырау облысында полиция қызметкерлері мемлекеттік органдардың жалған қызметтік куәліктерін дайындау және өткізу бойынша заңсыз арнаның жолын кесті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 800-ден аса жалған қызметтік куәлік және оларды дайындау үшін пайдаланылуы мүмкін жабдықтар тәркіленді.

"23 қарашада полиция қызметкерлері Lexus 470 көлігін тоқтатқан. Онда төрт ер адам болған. Көлікті тексеру барысында сыртқы түрі тапанша макетіне ұқсас зат пен ҰҚК қызметкерінің қызметтік куәлігі табылды. Тексеріс нәтижесінде құжат жалған екені анықталды. Одан әрі жүргізілген жедел іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері жалған құжаттарды дайындады деген күдікпен Атырау облысының 39 жастағы тұрғынын анықтады", - деді ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.

Ер адамның тұрғылықты жерін тінту барысында түрлі мемлекеттік органдардың 803 жалған қызметтік куәлігі тәркіленді. Оның ішінде: 606-cі - ҰҚК-нің, 95-і - ІІМ-нің, 47-сі - мемлекеттік кірістер органдарының, 46-сы - прокуратураның, 9-ы - сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің куәліктері.

Сонымен қатар, ҰҚК-нің 367 эмблемасы, мөр, компьютер, принтер, қатқыл диск және жалған құжаттарды дайындау үшін пайдаланылған өзге де заттар тәркіленді.

Алдын ала мәліметке сәйкес күдікті жалған қызметтік куәліктерді сатумен айналысқан. Тоқтатылған көлікте болған ер адамдардың бірі одан осындай құжаттарды сатып алғаны анықталды.