БҚО-дағы тікұшақ апатына қатысты іс сотқа жетті: қаза тапқан екі ұшқышқа айып тағылды

БҚО-дағы тікұшақ апатына қатысты іс сотқа жетті: қаза тапқан екі ұшқышқа айып тағылды
https://t.me/kozachkow

Батыс Қазақстан облысында Ми-8 тікұшағы апатқа ұшырағанына үш жарым жыл өткен соң қылмыстық іс сотқа жетті. Бұл іс бойынша қаза тапқан екі ұшқышқа ресми түрде айып тағылған, деп хабарлайды dalanews.kz Kozachkov offside-қа сілтеп.

Оқиға 2023 жылы 23 ақпанда Бәйтерек ауданы Бейбітшілік ауылы маңында болған. "Қазавиаспас" АҚ-ға тиесілі тікұшақ апатқа ұшырап, экипаждың төрт мүшесі қаза тапты, тағы екі адам жарақат алды.

Тергеу барысында сол күні өңірде ауа райына байланысты ескерту жарияланғаны анықталған. Осыған байланысты әуе кемесінің ұшуы кейінге қалдырылған. Алайда тікұшақ көкке көтерілгеннен кейін қарлы боран басталған.

"Сол кезде ұшқыштар ұшу бағытын өзгерту туралы шешім қабылдаған. Оған дейін олардың жағдайды талқылаған әңгімесі борттық жазба құрылғысына жазылып қалған. Ұшқыштардың бірі ауа райы нашарлап, жел қатты соғып тұрғанын айтып, әрі қарай ұшудың қажеті бар-жоғын талқылаған. Олар тапсырыс берушіге ауа райына байланысты кері қайту керек екенін түсіндіруді де сөз еткен.

Бұл рейс құтқару мақсатында емес, коммерциялық сипатта болған. "Қазавиаспас" АҚ "ҚазТрансОйл" АҚ-мен магистральдық мұнай құбырын әуеден бақылау туралы келісімшарт жасасқан. Сондықтан бортта жолаушы инженерлер де болған. Мұнай құбырын әуеден бақылау кезінде тікұшақ рұқсат етілген ең төменгі биікте ұшуы керек болған. Бұл ұшу қауіпсіздігіне қосымша қауіп төндіреді. Тергеу мәліметінше, көрінбейтін болған соң экипаж тікұшақты кері бұру туралы шешім қабылдаған. Алайда олар қауіпсіз биікке көтерілмеген", - деп жазылған мәліметте.

Дерекке сүйенсек, авиациялық тергеу "апатқа экипаждың қате шешімдері себеп болған" деген қорытындыға келген. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 344-бабы бойынша екі адамға айып тағылған.