Пуэрто-Риконың бұрынғы кәсіпқой боксшысы Причард Колон 33 жасында өмірден өтті. Қаралы хабарды спортшының әкесі әрі жаттықтырушысы Ричард Колон әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Боксшының әкесі ұлының енді "жақсы жерде" екенін жазған. Оның айтуынша, ол Причардтың арманын орындап, Пуэрто-Рикоға демалысқа апаруды жоспарлаған, алайда бұл ойы жүзеге аспаған. Ричард Колон жылдар бойы отбасына қолдау көрсеткен жандарға алғысын білдіріп, олардан дұға етуді сұрады.
Причард Колонның спорттық мансабы 2015 жылғы 17 қазанда америкалық Террелл Уильямсқа қарсы өткен жекпе-жектен кейін аяқталған еді. Кездесу барысында қарсыласы оның желке тұсынан бірнеше рет ережеге қайшы соққы жасаған.
Жекпе-жектен кейін Колонның миында субдуралды гематома анықталды. Бас сүйек ішіндегі қысымды төмендету үшін оған шұғыл операция жасалды. Ауыр жарақаттан кейін боксшы 221 күн бойы комада жатты. Ол алған жарақатының зардаптарын өмірінің соңына дейін сезінді.
Уильямспен кездесуге дейін Причард Колон кәсіпқой рингте бірде-бір рет жеңіліп көрмеген. Ол 16 жекпе-жектің барлығында жеңіске жетіп, оның 13-ін нокаутпен аяқтаған.