Алматыдағы Орталық стадионда өтуі тиіс америкалық рэпер Канье Уэстің концерті ертеңге ауыстырылды. Бұған қаладағы қолайсыз ауа райы себеп болған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алматыда Канье Уэстің концерті басталар алдында күн күрт бұзылып, нөсер жаңбыр жауып, қатты жел соқты. Бұған дейін қалада электр қуаты өшіп, жарық қайта қосылып жатқан еді.
Соған қарамастан, көрермен Орталық стадионға бірнеше сағат бұрын жинала бастаған. Ұйымдастырушылар бастапқыда стадионда жарық барын және концерттің жоспар бойынша өтетінін хабарлаған.
Кешкі сағат 19:30 шамасында найзағай ойнап, нөсер жауын мен екпінді жел басталды. Концертке жарты сағаттай уақыт қалғанда жаңбыр басылғанымен, сағат 21:00-ден кейін шараның кейінге шегерілгені белгілі болды.
"Құрметті қонақтар! Кешірім сұраймыз, бүгінгі шоуды ертеңге, дәл осы уақытқа ауыстыруға мәжбүрміз. Билеттеріңіз сол күйінде жарамды болады. Түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз, өйткені қауіпсіздік бәрінен маңызды", - деп мәлімдеді ұйымдастырушылар.