Ақтөбеде Баян Алагөзова мен Динара Сәтжанға қатысты жала жабу ісі бойынша сот шешімі шықты. Емші Бағдагүл Лепесова кінәлі деп танылып, оған 1 млн 557 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Qogam by Satzhangram телеграм арнасының мәліметінше, сот отырысында Лепесова тағылған айыпты мойындамай, даулы видеоны әлеуметтік желіге өзі жарияламағанын алға тартқан. Ал Баян Алагөзова бейнежазбада өзінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін сөздер айтылғанын мәлімдеп, емшіні кешірмейтінін жеткізді.
Іс аясында жүргізілген сараптама бейнежазбада жала жабу белгілері бар екенін растаған.
Нәтижесінде сот Бағдагүл Лепесованы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің "Жала жабу" бабы бойынша кінәлі деп танып, 1 557 000 теңге айыппұл төлеуге міндеттеді. Сот белгілеген айыппұл 30 тәулік ішінде өтелуі тиіс.
Бұдан бөлек, Бағдагүл Лепесоваға қатысты Астанада "Қорлау" бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс жеке қаралып жатыр.