Жалған ақпаратқа қарсы күрес орталығы Құрылтай сайлауы қарсаңында фейк мәліметтердің саны өскенін ескертті

Жалған ақпаратқа қарсы күрес орталығы Құрылтай сайлауы қарсаңында фейк мәліметтердің саны өскенін ескертті
magnific.com

Құрылтай сайлауы жақындаған сайын ақпараттық кеңістікте жалған мәліметтер мен арандатушылық сипаттағы материалдардың таралуы күшейіп отыр. Бұл туралы JAQ.OrtCom мәлімдеп, азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Орталықтың мәліметінше, соңғы уақытта сайлау процесіне қатысты фейктер, манипуляциялық ақпараттар және дипфейк технологиялары арқылы жасалған материалдар әлеуметтік желілер мен анонимді платформаларда жиі жариялануда.

Мамандардың айтуынша, мұндай ақпараттық шабуылдар белгілі бір схема бойынша жүзеге асырылады. Алдымен арандатушылық сипаттағы хабарлама дайындалып, ол анонимді ресурстарда жарияланады. Кейін бот-желілер арқылы жаппай таратылып, қоғамда кең талқыланып жатқандай әсер қалыптастырылады.

«Бірдей тезистер мен ұқсас визуалдық материалдардың түрлі платформаларда бір уақытта жариялануы олардың ұйымдасқан әрі орталықтандырылған сипатта екенін көрсетеді», – делінген хабарламада.

JAQ.OrtCom дерегіне сүйенсек, мұндай науқандар көбіне сайлау процесі, сыртқы саясат және әлеуметтік-экономикалық мәселелер төңірегінде өрбиді. Кейбір жағдайларда ақпараттық ықпал ету әрекеттерінің шетелден үйлестірілген белгілері де байқалған.

Сонымен қатар соңғы кезеңде жасанды интеллект көмегімен дайындалған жалған фото, аудио және бейнематериалдардың саны артқан. Әсіресе танымал тұлғалар мен мемлекеттік органдар өкілдерінің бейнесін пайдаланып жасалған дипфейктер қоғамды жаңылыстыру үшін қолданылып жатыр.

Орталықтың мәліметінше, сайлау науқаны басталғалы әлеуметтік желілерде, сайттарда және басқа да платформаларда 200-ден астам анонимді әрі деструктивті аккаунт арқылы таралған шамамен 15 ақпараттық науқан тіркелген.

Оларға қарсы әрекет ретінде 44 түсіндіру және ағартушылық материал әзірленіп, жарияланған. Оның ішінде бейнероликтер, нұсқаулықтар, ақпараттық постерлер мен кең таралған мифтерді жоққа шығаратын материалдар бар.

JAQ.OrtCom қазақстандықтарды эмоцияға құрылған және арандатушылық сипаттағы жарияланымдарға сын көзбен қарауға шақырды.

«Ақпараттың бірнеше арнада бір мезетте таралуы оның шынайылығын білдірмейді. Кез келген мәліметтің бастапқы дереккөзін тексеріп, ресми ақпаратпен салыстыру қажет», – деп ескертті орталық.

Сондай-ақ азаматтарға расталмаған ақпаратты таратпау, анонимді ресурстар мен бот-желілердің ықпалына ермеу жөнінде үндеу жасалды.