Қырғызстан президенті Садыр Жапаров тәуелсіз журналист Әли Тоқтақұновқа екі сағатқа жуық сұхбат беріп, елдің сыртқы саясаты, экономикалық жобалары және өңірлік ынтымақтастық мәселелері жөнінде пікір білдірген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жапаровтың айтуынша, Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан теміржолының құрылысын бастау үшін ол Мәскеуге арнайы барып, Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізген. Оның сөзінше, Қытай тарапы жобаны жүзеге асыру алдында Қырғызстанның ҰҚШҰ мен ЕАЭО аясындағы серіктестерінің қолдауын алуды ұсынған.
Президенттің мәліметінше, Путинмен жеке кездесуде бұл мәселе шамамен 35–40 минут талқыланып, нәтижесінде қолдау табылған. Қазіргі жоспар бойынша халықаралық маңызы бар теміржол құрылысы 2030 жылға дейін аяқталуы тиіс.
Жапаров жаңа көлік дәлізінің өңір үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Бұған дейін Қытайдан Еуропаға бағытталған жүк тасымалының басым бөлігі Қазақстан аумағы арқылы жүзеге асып келген. Ал Қырғызстан арқылы өтетін жаңа бағыт іске қосылса, жеткізу мерзімі қысқарып, транзиттік мүмкіндіктер арта түспек.
Сонымен қатар, Қырғызстан басшысы жобаның жүзеге асуына мүдделі емес сыртқы күштердің бар екенін де бірнеше рет атап өткен. Алайда олардың нақты кім екенін ашып айтпады.
Сұхбат барысында журналист пен президент көптеген мәселелерді ашық талқылаған. Толық нұсқасы Әли Тоқтақұновтың YouTube арнасында жарияланған.