Павлодарда тауар бағасын көрсетпеген кәсіпкер жауапқа тартылды

Павлодарда тауар бағасын көрсетпеген кәсіпкер жауапқа тартылды
Фото: ЖИ

Павлодарда ірі супермаркеттердің бірі тауарларға баға көрсеткіштерін қоймағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәсіпкерге 200 АЕК көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды dalanews.kz pavon.kz-ке сілтеме жасап.

Павлодар облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде тауар бағасын көрсетпеген 25 кәсіпкерлік субъектісі жауапқа тартылған.

Соңғы жағдайлардың бірі Павлодар тұрғынының шағымынан кейін анықталған. Тұтынушы қаладағы ірі супермаркеттердің бірінде бірнеше тауардың бағасы көрсетілмегенін байқап, департаментке жүгінген.

"Тұрғынның өтініші негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде кәсіпкердің осыған ұқсас заңбұзушылықты бір жыл ішінде қайталап жасағаны анықталды. Бұған дейін де оған әкімшілік жаза қолданылған. Осыған байланысты ірі кәсіпкерлік субъектісі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 193-бабының 5-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылып, 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды", - деп хабарлады департамент.

Егер дүкенде тауардың бағасы көрсетілмесе немесе баға көрсеткіші талапқа сай рәсімделмесе, тұтынушы бұл жағдайды тіркеп, Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағымдана алады. Өтінішке заңбұзушылықты растайтын фотосуреттерді, кассалық чекті және басқа да дәлелдерді қоса ұсынған жөн.

Павлодардағы департамент Генерал Дүйсенов көшесі, 9 мекенжайында, 3-қабаттағы 304-кабинетте орналасқан. Сондай-ақ тұрғындар 55-10-70 жедел желісі арқылы кеңес алып, департаменттің Instagram және Facebook желілеріндегі ресми парақшаларына немесе «е-Өтініш» порталы арқылы жүгіне алады.