"Ұсынысты бірден қабыл алдым": Мөлдір Мұқан жаңа жобаға қатысатынын айтты

"Ұсынысты бірден қабыл алдым": Мөлдір Мұқан жаңа жобаға қатысатынын айтты
Мөлдір Мұқан. Фото: ашық дереккөзден

Продюсер әрі әнші Мөлдір Мұқан әлеуметтік желідегі парақшасында шығармашылығына қатысты қуанышты жаңалығын бөлісті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Өнер иесінің айтуынша, ол "Qazaqstan" ұлттық телеарнасы түсіріп жатқан жаңа телехикаяға шақырту алған. Мөлдір Мұқан бұл ұсынысты қуана қабылдағанын жеткізді.

Жаңа сериалда ол Ерлан есімді кейіпкердің жұбайының рөлін сомдайды. Туындыда дәрігерлердің еңбегі, ақ халатты жандардың қоғамдағы орны мен жауапкершілігі сөз болмақ.

"Осы жаздың ерекше жаңалығы – сериалға түсу туралы ұсыныс. Әрине, қабыл алдым. Бұл мен үшін өнер жолымдағы ерекше жобалардың бірі болды. Шақырту келгенде қатты қуандым", – деді Мөлдір Мұқан.

Өнер иесі сериалдың тақырыбының өзіне ерекше әсер еткенін де атап өтті. Оның айтуынша, адамдар дәрігерлердің қадірін көбіне денсаулыққа қатысты сынаққа тап болған кезде тереңірек түсінеді.

Мөлдір Мұқан осындай маңызды тақырыпты экран арқылы көтеріп отырған ұлттық арна мен түсірілім тобына алғысын білдірді.