Ресей Федерациясы Кеңесінің халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Григорий Карасин Мәскеу мен Вашингтон арасындағы Украинаға қатысты байланыстар жақын уақытта қайта жандануы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ол «Известия» басылымына берген сұхбатында Ресей АҚШ президентінің арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнерді қабылдауға дайын екенін және олардың сапарына ешқандай кедергі көрмейтінін мәлімдеді.
Карасиннің сөзінше, ықтимал кездесудің басты тақырыбы Киевтің Вашингтонға жолдаған жаңа ұсыныстары болуы мүмкін. Алайда америкалық келіссөз жүргізушілердің Ресейге нақты қашан келетіні әзірге келісілмеген.
Сонымен қатар АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігі бұл сапарға қатысты қандай да бір ақпараттың жоқ екенін хабарлаған.
«Егер екінші тарап нақты нәтижеге қол жеткізуге шынайы қызығушылық танытса, Ресей әрқашан талқылауға дайын. Біз кездесулер мен келіссөздерге әрдайым ашықпыз. Бұл Кушнер мен Уиткоффқа да қатысты. Зеленский қандай ұсыныс енгізді немесе енгізбеді дегенге қарамастан, мұндай кездесуді өткізуге ешқандай кедергі көріп тұрған жоқпын», – деді Карасин.
Оның айтуынша, Мәскеу Украина мәселесін талқылау бойынша жаңа келіссөздер өткізу мүмкіндігін жоққа шығармайды және америкалық тараппен диалогты жалғастыруға әзір.