Канье Уэстің концертіне 40 мыңнан астам адам келеді: Алматы полициясы ескерту жасады

Канье Уэстің концертіне 40 мыңнан астам адам келеді: Алматы полициясы ескерту жасады
Фото: ROY ROCHLIN / GETTY IMAGES

14 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда өтетін Канье Уэстің концертіне 40 мыңнан астам көрермен келеді. Осыған байланысты қала полициясы концерт өтетін аумақта қауіпсіздік шараларын күшейтеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алматы полициясының мәліметінше, көрерменнің стадионға реттелген түрде кіруі үшін үш жағынан 40 кіреберіс қарастырылған. Билеттерді тексеру сағат 16:00-де басталады. Стадионға кірер алдында барлық келуші тексеруден өтеді. Концерт аумағына билеті немесе аккредитациясы бар адамдар ғана жіберіледі.

Полиция көрермендерді стадионға алдын ала келуге және кіреберісте тәртіп сақшыларының, қауіпсіздік қызметкерлері мен еріктілердің нұсқауларын орындауға шақырды.

"Біздің басты міндетіміз - концертке келетін әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Кіреберіс тобын алдын ала анықтап, полиция қызметкерлерінің, қауіпсіздік қызметі мен еріктілердің нұсқауларын орындауды сұраймыз", – деді Тимур Ноғайбаев.

Концерт өтетін күні полиция Орталық стадион мен оған іргелес аумақтарда патрульдеуді күшейтеді.

Сонымен қатар іс-шара аяқталғаннан кейін көрерменнің стадионнан қайтуын жеңілдету үшін қоғамдық көлік пен қосымша шаттлдар ұйымдастырылады.