Алматыдағы Сайын көшесінде қоғамдық көлікке арналған жаңа арнайы жолақ іске қосылған еді. Кейін бұл жолаққа жол қозғалысы ережелері сақталуын бақылап, заңбұзушылықтарды тіркейтін "Сергек" камералары орнатылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
13 тамызда сағат 18:45 шамасында Сайын көшесінде екінші дәрежелі жолдан негізгі жолға шығатын тұста көлік кептелісі пайда болған. Жолдағы жағдай әлеуметтік желіде жарияланған видеодан көрінеді.
Желі қолданушылары камера орнатылғаннан кейін көлік қозғалысы қиындағанын айтып, автобус жолағына қатысты пікір білдірді. Кейбір тұрғындар арнайы жолақты алып тастауды ұсынса, енді бірі камералар мен жаңа жол белгілері кептелісті күшейтіп жатқанын жазды.
"Алматыдағы кептелісті әлі бірде-бір әкім шеше алған жоқ", "Сайын көшесінде автобустар онсыз да жақсы жүретін", "Көліктер екі сағаттап кептелісте тұрса, қаладағы ауа тазалығын қалай жақсартуға болады?" деген пікірлер де айтылды.
Тұрғындар оқу жылы басталғаннан кейін, әсіресе, 1 қыркүйектен соң Сайын көшесіндегі көлік қозғалысы одан әрі қиындауы мүмкін деп алаңдап отыр.