Екібастұзда ұсталған ер адам полиция бөлімінде көз жұмды

Екібастұзда ұсталған ер адам полиция бөлімінде көз жұмды
ЖИ: dalanews

Павлодар облысының Екібастұз қаласында полиция қызметкерлері ұстаған ер адам бөлімшеде қайтыс болды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 11 тамыз күні тәртіп сақшыларына мас күйдегі ер адамның жанжал шығарып, әйел адамға қоқан-лоқы көрсеткені туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына барған полицейлер күдіктіні ұстап, полиция бөліміне жеткізген. Кейін ол арнайы ұстау бөлмесіне қамалған.

Арада біраз уақыт өткен соң ер адам ес-түссіз күйде табылған. Оған медициналық көмек көрсетілгенімен, өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтау үшін бейнежазбалар тәркіленгенін хабарлады.

Алайда Qumash басылымы марқұмның туыстарына сілтеме жасап, отбасы мүшелерінің өлімнің себептері мен ұстау барысына қатысты бірқатар сұрақтары бар екенін жазды.

Марқұмның әпкесінің айтуынша, анасы темір тордың ар жағынан ұлын асылып тұрған күйде көрген. Туыстары құқық қорғау органдары бұл жағдайды «шорттың бауымен жасалған суицид» ретінде түсіндіруге тырысып жатыр деп есептейді.

Сондай-ақ отбасы Ринаттың нақты қандай себеппен ұсталғанына, камераға қамалар алдында оның толық тексерілген-тексерілмегеніне және полиция қызметкерлері қайғылы жағдайдың алдын неге ала алмағанына қатысты жауап күтетінін мәлімдеген.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.