Қытайлық ғалымдар тәтті сусындарды жиі ішетін егде жастағы адамдардың есте сақтау мен ойлау қабілетіне қатысты шағымдары көбірек болатынын анықтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Зерттеуге 60 жастан асқан 485 адам қатысқан. Мамандар олардың газдалған сусындар, қаптамадағы шырындар, тәтті сүтті шайлар және қант қосылған басқа да сусындарды қаншалықты жиі тұтынатынын талдаған.
Нәтижесінде тәтті сусындарды жиі ішетін қатысушылар есте сақтау қабілетінің әлсірегенін және ақпаратты өңдеу барысында қиындықтар туындайтынын жиірек айтқан. Сондай-ақ мазасыздық, көңіл-күйдің төмендеуі және ашушаңдық сияқты эмоционалдық факторлардың да когнитивтік қабілеттерге қатысты шағымдардың артуымен байланысы байқалған.
Дегенмен зерттеу тәтті сусындардың есте сақтау қабілетін тікелей нашарлататынын дәлелдемейді. Ғалымдардың айтуынша, бұл нәтижелер тамақтану дағдылары мен психоэмоциялық жағдайдың когнитивтік өзгерістермен өзара байланысы болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Зерттеушілер аталған байланысты нақтырақ анықтау үшін қосымша ғылыми жұмыстар жүргізу қажет екенін атап өтті.