Құрылтай сайлауының нәтижесі қоғамға қалай әсер етеді? Сарапшы пікірі

Құрылтай сайлауының нәтижесі қоғамға қалай әсер етеді? Сарапшы пікірі
Фото: Dalanews.kz

Қазақстанда өтетін Құрылтай сайлауының нәтижесі қоғамға қандай өзгеріс әкелуі мүмкін? Жаңа құрам халықтың өкілді органға деген сенімін арттыра ала ма? Осы сауалдарға PhD докторы, экономика сарапшысы Берік Қадыров жауап берді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сарапшының пікірінше, сайлаудан кейін қоғамда бірден айтарлықтай өзгеріс болады деп күтуге әлі ерте. Өйткені сайлаудың түпкі нәтижесін тек дауыс беру қорытындысымен бағалау жеткіліксіз.

"Негізгі көрсеткіш - жаңадан қалыптасатын бір палаталы өкілді органның алдағы уақытта қаншалықты тиімді жұмыс істейтіні", - дейді ол.

Қадыров халықтың сеніміне ие болып, мандат алған партиялар мен депутаттардың сайлауалды уәделерін нақты іске айналдыруы маңызды екенін айтады. Сондай-ақ олар қоғамның өзекті сұраныстарына дер кезінде әрі тиімді жауап бере алуы керек.

"Олай болмаған жағдайда, партияларға деген сенім азайып, жүргізіліп жатқан саяси реформалар нақты өзгеріс әкелетін тетік емес, кезекті формальді қадам ретінде қабылдануы ықтимал. Алдағы кезеңдегі негізгі өлшем – жаңа өкілді органның кәсібилігі, ашықтығы, жауапкершілігі және қабылданатын шешімдерінің қоғам мен мемлекеттің ұзақ мерзімді мүдделеріне қаншалықты сай келетіндігі", - дейді сарапшы.

Жаңа құрам халық сенімін арттыра ала ма?

Берік Қадыровтың сөзінше, өкілді орган құрамының жаңаруының өзі қоғамның сенімін арттыруға жеткіліксіз. Жаңа адамдардың келуі автоматты түрде жоғары қоғамдық сенім қалыптасады дегенді білдірмейді. Бұл ретте өкілдердің халықпен тұрақты байланыс орнатуы, жұмысының нақты нәтижесін көрсетуі және өз қызметі үшін есеп бере алуы маңызды.

Сарапшы құрамның өзгеруі институционалдық жаңарумен және қоғаммен байланыстың жаңа сапасымен қатар жүруі керек деп есептейді.

"Тәжірибеде өңірлерден сайланған өкілдердің белгілі бір уақыттан кейін орталықтағы саяси және әкімшілік элитаға кірігіп, бастапқы аймақтық ұстанымдарынан алыстай бастайтын жағдайлар кездеседі. Соның салдарынан олар өздері өкілдік ететін өңірлердің күнделікті мәселелерінен біртіндеп алшақтап, жалпыұлттық күн тәртібіне көбірек бейімделеді", - дейді сарапшы.

Мұндай жағдайда өңір мен оның атынан сайланған өкіл арасындағы тұрақты байланыстың әлсіреуі халық арасында "біздің мүддемізді кім қорғайды?" деген сауалды күшейтуі мүмкін.

"Өкілдің легитимділігі тек сайлау арқылы алынған мандатпен шектелмейді. Оның басты өлшемі – сайлаушылармен тұрақты кері байланыс, өңірлік мәселелерді ұлттық деңгейдегі басымдықтармен үйлестіру және қабылданған шешімдердің нәтижесі туралы қоғам алдында есеп беру", - дейді Берік Қадаров.

Сайлау өңірлердегі саяси белсенділікке қалай әсер етеді?

Сарапшы Конституцияға сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы халық екенін еске салды. Сондықтан азаматтар сайлау кезінде өздерінің атынан шешім қабылдайтын өкілдерді таңдау арқылы мемлекеттің одан әрі даму бағытын айқындауға және оны қалыптастыруға тікелей қатысады.

"Сайлаушылар неғұрлым белсенді болса, қоғамдық пікір де соғұрлым толық көрініс табады. Бұл өз кезегінде сайланған өкілді органның заңдылығы мен оған деген қоғамдық сенімге ықпал етеді. Сондықтан әр азаматтың дауысын елдің болашағына қосылған нақты үлес ретінде қарастырған жөн", - дейді ол.

Дегенмен Берік Қадыров сайлаушылардың белсенділігі тек дауыс беру күнімен шектелмеуі керек деп санайды. Партиялардың халықпен кездесулерінің қалай ұйымдастырылатыны да маңызды.

"Партиялардың халықпен кездесулері таңдаулы әрі шағын топтармен шектелмей, нақты қарапайым тұрғындармен және тәуелсіз сарапшылар, БАҚ өкілдерімен ашық диалог форматында өтуі шарт. Сонда ғана шынайы сұрақтар мен өзекті мәселелер көтеріліп, партиялардың ұсынып отырған бағдарламалық құжаттарына сыни көзқарас қалыптасады. Бұл, өз кезегінде, бейтарап азаматтардың қоғамдық-саяси белсенділігін арттыруға да ықпал етеді", - дейді ол.

Сарапшының айтуынша, саналы таңдау жасау арқылы әр азамат саяси мәдениеттің қалыптасуына, жауапты басқару қағидаттарының нығаюына және елдің орнықты дамуына өз үлесін қоса алады.

Жаңа Құрылтайдың алдында қандай міндет тұр?

Берік Қадыров жаңа өкілді органның алдындағы ең маңызды міндеттердің бірі – заң мен тәртіпті, әділеттілік пен теңдік қағидаттарын нығайтып, сол арқылы халықтың өкілді органға деген сенімін арттыру деп есептейді.

"Бұл үшін қағаз жүзіндегі көрсеткіштермен шектелмей, қоғам сезіне алатын нақты әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге қол жеткізу қажет. Осы мақсатта өкілді орган атқарушы билікке жоғары талап қойып, елдің қажеттілігіне сай сапалы заңдардың қабылдануын қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар жемқорлық пен парақорлыққа қарсы ымырасыз күрес мемлекеттік басқару мен қоғамдық өмірдің тұрақты күн тәртібінен түспеуі керек", - деп қосты ол.

Тағы бір маңызды мәселе – мемлекеттік ресурстардың өңірлерде қаншалықты тиімді және ашық жұмсалатыны. Берік Қадаров бюджет қаражаты мен қоғамдық игіліктерді ысырап етуге жол бермеу, оларды ұқыпты әрі тиімді пайдалану тетіктерін жетілдіруге басымдық беру қажет екенін атап өтті.

"Осы ретте "Ар-ождан бар жерде заң да қажет емес, ал ар-ождан жоқ жерде ешбір заң көмектеспейді" деген қанатты сөз жоғарыдағы мәселелер мен сұрақтардың мәнін терең ашады деп ойлаймын. Өзгерісті халықтан талап етпес бұрын, оны әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Жауапкершілікті өзгеден емес, өзімізден іздеп, заңға құрметті, адалдық пен әділеттілікті жеке ұстанымымызға айналдырғанда ғана қоғамда нақты өзгеріс қалыптасады. Мемлекетке деген сенім де осындай жеке жауапкершілік пен ортақ іске адалдықтан басталады", - деп түйіндеді Берік Қадыров.