Шекарадан жанар-жағармайды заңсыз алып өтпек болғандар әшкере болды

Шекарадан жанар-жағармайды заңсыз алып өтпек болғандар әшкере болды

Қазақстан шекарасында 10 күн ішінде жанар-жағармай материалдарын (ЖЖМ) заңсыз тасымалдаудың 400-ден астам әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ведомство мәліметінше, ҰҚК Шекара қызметі өткізу бекеттерінде құқыққа қайшы әрекеттерді анықтау және олардың алдын алу бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.

«1–10 тамыз аралығында шекара арқылы тауарлар мен жүктерді заңсыз өткізудің 551 дерегі анықталып, жолы кесілді. Заңсыз тасымалданбақ болған жүк құны 1 млрд теңгеден асады. Оның ішінде жанар-жағармай материалдарын шетелге шығарудың 411 әрекеті және халық тұтынатын тауарларды заңсыз алып өтудің 140 фактісі тіркелді», – делінген хабарламада.

ҰҚК мәліметінше, құқық бұзушылыққа жол берген азаматтар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылған.

Комитет мұндай заңсыз әрекеттердің жолын кесу бойынша жұмыстар жалғасып жатқанын атап өтті.