Ақмола облысындағы саяжай алабының жағажайында қайғылы жағдай болды. Елорда маңындағы су айдынында демалып жүрген 2015 және 2017 жылы туған әпкелі-сіңлілі екі қыз қаза тапты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға Ақмола облысы Целиноград ауданы Қоянды ауылы маңындағы "Парасат" саяжай алабының орталық жағажайында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, су жағасында демалып отырған ата-анасы бір сәтте қыздарын көзден таса қылып алған. Балалардың жанында жоқ екенін байқаған соң, ата-анасы өздері іздей бастаған. Кейін іздеу жұмыстарына құтқарушылар қосылған.
Көп ұзамай екі қыз да судан ес-түссіз күйде табылған.
Құтқарушылар мен оқиға орнына жеткен дәрігерлер балаларға шұғыл реанимациялық көмек көрсеткенімен, олардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Қазіргі уақытта құзырлы органдар оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр. Балалардың суға қалай түскені және ересектердің қауіпті дер кезінде неге байқамағаны тексерілуде.