Даркнетте өзін shymzz13 деп таныстырған хакер Қазақстан азаматтарының ауқымды деректер базасын сатуға шығарғанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, базада шамамен 15 миллион қазақстандықтың жеке мәліметтері сақталған. Бұл ел халқының шамамен төрттен үш бөлігіне тең. Хакер деректерді мемлекеттік қызметтер порталы eGov жүйесін бұзу арқылы қолға түсіргенін алға тартады.
Сатушы ақпараттың құнын 0,5 биткоинге бағалаған. Қазіргі бағам бойынша бұл шамамен 32 мың АҚШ долларына тең. Көлемі 2,7 гигабайт болатын архивте 47 миллионға жуық жазба бар екені айтылған.
Жарияланған мәліметтерге сәйкес, базада азаматтардың жеке куәлік деректері, телефон нөмірлері, электрондық пошта мекенжайлары, жұмыс орындары туралы ақпарат, құжаттардың сканерленген көшірмелері және парольдер болуы мүмкін.
Айта кетейік, соңғы уақытта eGov жүйесінің жұмысына қатысты бірнеше мәселелер тіркелген болатын. Тамыз айының басында кейбір қолданушылар сервиске кірген кезде өзге азаматтардың жеке кабинеттеріне қол жеткізе алғанын хабарлаған. Ал көктемде қазақстандық қаржы сарапшысы eGov арқылы компания тіркегеннен кейін бірнеше сағат ішінде жарнамалық қоңыраулар ала бастағанын мәлімдеген.
Киберқауіпсіздік мамандары мұндай көлемдегі деректер базасы алаяқтардың қолына түссе, азаматтар үшін елеулі қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертеді. Сарапшылардың пікірінше, ақпаратты түрлі телефон алаяқтары мен киберқылмыстық топтар пайдаланып кетуі ықтимал.
Алайда қазіргі уақытта деректер базасының шынайылығы мен оның нақты қай жүйеден алынғаны ресми түрде расталған жоқ. Сондықтан жарияланған ақпаратқа сақтықпен қарау қажет.