Танымал әнші Заттыбек Көпбосынұлы әлеуметтік желіде кең тараған трендке қосылып, әріптесі Досымжан Таңатаровтың ән айтып тұрған видеосын жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өнер иесі бейнежазбаға әзіл аралас пікір қалдырған.
"Жүгірген соң, осылай жанды дауыста ән айтқызып жүгіру керек қой!" – деп жазды ол.
Бұл тренд Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жағажайда жүгіріп жүрген ескі видеосына жасалған пародиялардан кейін танымал болды. Желі қолданушылары сол көріністі қайталап, түрлі әзіл видеолар түсіріп жүр.
Түпнұсқа видеоның нақты қай жерде түсірілгені көпшілікке белгісіз. Блогер Февралев кадрдағы табиғи нысандар мен жағалау бойындағы ғимараттарды салыстырып, видео Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласындағы Копакабана жағажайында түсірілген болуы мүмкін деген болжам айтқан.
Бұл пікір де желіде қызу талқыланды. Кейбір қолданушылар видеоны бұрын Түркияда түсірілген деп ойлағанын жазса, енді бірі жаңа трендті дәл қайталау үшін Бразилияға бару керек деп әзілдеген.