Ормуздағы дағдарыс мұнай бағасын көтерді: сарапшы Қазақстан қаншалықты пайда көретінін айтты

Ормуздағы дағдарыс мұнай бағасын көтерді: сарапшы Қазақстан қаншалықты пайда көретінін айтты
Коллаж: Dalanews

Ормуз бұғазындағы шиеленіс әлемдік мұнай бағасын көтеріп, Қазақстан үшін қосымша табыс табуға мүмкіндік туғызуы мүмкін. Алайда мұнайдың қымбаттауы ел экономикасына қаншалықты пайда әкеледі және оған КҚК арқылы экспорттағы шектеулер қалай әсер етеді? Осыған қатысты Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналина пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

12 тамызда Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 90 долларға жуықтады. Бұған Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасына қойылған шектеулер, АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерде нақты шешімнің болмауы, сондай-ақ Ормуз және Баб-эль-Мандеб бұғаздарындағы кемелерге жасалған жаңа шабуылдар әсер етті.

Алайда 13 тамыз күні таңертең мұнай бағасы шамамен 88 долларға дейін төмендеді. Бағаның түзетілуіне АҚШ-тағы мұнай қорының күрт артуы және әлемдік сұранысқа қатысты болжамдардың нашарлауы себеп болды.

Мұнай қымбаттағанымен, Қазақстандағы өндіріс азайған

Мұнай экспорттайтын Қазақстан үшін әлемдік нарықтағы жоғары баға тиімді көрінеді. Алайда Венера Жаналинаның айтуынша, қазіргі жағдайда бір қарама-қайшылық бар. Яғни, мұнай қымбаттап жатқанымен, Қазақстандағы өндіріс көлемі төмендеген.

2026 жылдың қаңтар-шілде айларында елімізде 53,2 млн тонна мұнай өндірілді. Бұл былтырғының сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,9 пайыз аз. Бұған қоса, шілдеде КҚК жұмысына байланысты туындаған кедергілер Қазақстанның мұнай экспорттау мүмкіндігін шектеп, өндіріс көлеміне де әсер етті.

"Сондықтан Қазақстан үшін мұнайдың бір баррелінің бағасы ғана емес, қанша мұнай өндіріп отырғанымыз және оны сыртқы нарыққа кедергісіз жеткізе алуымыз да маңызды", - дейді сарапшы.

Ормуздағы жағдай мұнай нарығына қалай әсер етті?

Қаржыгердің пікірінше, мұнайдың қазіргі қымбаттауы тек геосаяси мәлімдемелерге байланысты емес. Нарыққа мұнай жеткізудің нақты қысқаруы да бағаға әсер етіп отыр.

Оның сөзінше, АҚШ Энергетикалық ақпарат басқармасының (EIA) тамыздағы болжамы жағдайдың ауқымын көрсетеді. Шілдеде Ормуз бұғазы маңындағы шектеулер салдарынан өңірдегі мұнай өндірісі мұндай кедергілер болмаған жағдайда мүмкін болатын деңгейден тәулігіне шамамен 5,5 млн баррельге төмен болған.

"Тасымалдаудағы жағдай одан да айқын. 2026 жылдың екінші тоқсанында Ормуз арқылы тәулігіне шамамен 4,9 млн баррель мұнай мен мұнай өнімдері өткен. Ал қазіргі қақтығыс басталғанға дейін, 2025 жылдың төртінші тоқсанында бұл көрсеткіш шамамен 21,6 млн баррель болған", - дейді Венера Жаналина.

Яғни қазіргі дағдарыс мұнайды өндірумен ғана шектелмейді. Оны әлемдік нарыққа жеткізу мәселесі де күрделене түскен.

Brent 100 долларға дейін қымбаттауы мүмкін бе?

Мұнай бағасының өсуіне қарамастан, сарапшы Brent автоматты түрде 100 долларға жетеді деп күтпеуге шақырады.

"Бағаның 95–100 доллар деңгейіне тұрақты көтерілуі үшін мұнай жеткізу жағдайы одан әрі нашарлауы керек. Мысалы, инфрақұрылым мен танкерлерге жаңа шабуылдар жасалуы, Ормуздағы шектеулер ұзаққа созылуы немесе жағдайды тұрақтандыруға бағытталған келіссөздер нәтиже бермеуі мүмкін", - дейді ол.

Жаналинаның сөзінше, АҚШ-та мұнай қоры айтарлықтай өскендіктен, бағаның одан әрі көтерілуі үшін геосаяси факторлардың ықпалы өте күшті болуы қажет.

EIA болжамы бойынша, Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы биылғы үшінші тоқсанда барреліне шамамен 85 доллар болуы мүмкін. Ал мұнай ағыны біртіндеп қалпына келсе, төртінші тоқсанда баға шамамен 78 долларға дейін төмендеуі ықтимал.

ОПЕК+ тапшылықты өтей ала ма?

Венера Жаналинаның пікірінше, ОПЕК+ нарықтағы мұнай тапшылығын ішінара азайта алады. Бірақ қазіргі жеткізілімдегі үзілістерді толық өтеу қиын.

Қыркүйектен бастап топ құрамындағы жеті ел өндіріс бойынша жиынтық бағдарды тәулігіне 188 мың баррельге арттыруға келіскен.

"Қазіргі жеткізілімдегі үзілістердің ауқымымен салыстырғанда бұл салыстырмалы түрде аз көлем. Оның үстіне қазіргі дағдарыс мұнайды қосымша өндіру мүмкіндігі мен оны сатып алушыға жеткізу мүмкіндігі екі бөлек мәселе екенін көрсетті. Өндірістік және резервтік қуаттардың едәуір бөлігі Парсы шығанағында орналасқан", - дейді сарапшы.

Демек, мұнай өндірісін көбейту мәселені толығымен шешпейді. Егер негізгі теңіз жолдарындағы тасымал шектелсе, өндірілген шикізатты сатып алушыларға жеткізу де қиындайды.

АҚШ-та мұнай қоры күрт өсті

Мұнайдың одан әрі қымбаттауын тежейтін факторлар да бар. EIA-ның ресми дерегіне сәйкес, АҚШ-тағы коммерциялық шикі мұнай қоры бір аптаның ішінде 17,4 млн баррельге өсіп, 424,4 млн баррельге жеткен.

Бұл шамамен үш жарым жылдағы ең ірі апталық өсімдердің бірі. Қордың артуына АҚШ-тың мұнай экспортының күрт төмендеуі және импорттың көбеюі әсер еткен.

Дегенмен бір аптаның көрсеткіші мұнай нарығындағы жағдай түбегейлі өзгерді дегенді білдірмейді. Бірақ мұндай өсім геосаяси шиеленістің әсерінен қымбаттаған мұнай бағасын тежейтін факторға айналып отыр.

Осылайша, әлемдік нарық қазір екі негізгі фактордың арасында тұр. Бір жағынан, Таяу Шығыста мұнай жеткізілімінің нақты қысқаруы бағаны көтеруде. Екінші жағынан, АҚШ-тағы қордың көбеюі мен әлемдік сұраныс болжамының нашарлауы бағаның одан әрі өсуіне кедергі келтіруде.

Қазақстан қаншалықты пайда көре алады?

Венера Жаналинаның айтуынша, Қазақстан үшін қазіргі жағдайды тек Brent бағасымен бағалау жеткіліксіз.

"Қазақстан үшін әсерді қарапайым формуламен көрсетуге болады: мұнай бағасы × өндіріс көлемі × экспорттау мүмкіндігі. Жоғары баға өте тиімді болуы мүмкін. Бірақ сонымен қатар өндіріс қысқарса немесе негізгі экспорт бағытына шектеу қойылса, ықтимал пайданың бір бөлігі жоғалады", - дейді қаржыгер.

Бұл тұрғыда Қазақстан үшін КҚК жұмысының маңызы ерекше. Шілдеде консорциум жұмысына байланысты шектеулер мұнайды сыртқы нарыққа шығару мүмкіндігіне және өндіріс көлеміне қысым түсірген.

Сондықтан Қазақстан үшін әлемдік нарықтағы мұнай бағасымен қатар КҚК арқылы тасымалдың үздіксіз жүруі де маңызды.

КҚК бойынша тәуекел азаюы мүмкін

Financial Times мәліметінше, АҚШ тарапының өтінішінен кейін Украина КҚК нысандарына және ресейлік емес жүк тасымалдайтын танкерлерге соққы жасауды тоқтатуға келіскен.

Венера Жаналинаның айтуынша, егер бұл келісім сақталып, терминал жұмысы қалыпқа келсе, Қазақстан үшін әлдеқайда тиімді жағдай қалыптасуы мүмкін.

"Егер келісім шынымен орындалып, терминалдың жұмысы қалыпқа келсе, Қазақстан үшін өте қолайлы жағдай қалыптасады: әлемдік мұнай бағасы жоғары болып, сонымен бірге экспорттың нақты көлемі қалпына келеді. Осындай жағдайда еліміз қазіргі мұнай нарығындағы ахуалдан көбірек пайда көре алады", - дейді сарапшы.

Дегенмен ол мұны барлық қауіп толық жойылды деп қабылдауға болмайтынын ескертеді. Әзірге экспорттық инфрақұрылымға қатысты тәуекелдердің бір бөлігі ғана төмендеуі мүмкін.

Қазақстанның КҚК-ға тәуелділігі тағы байқалды

Қазіргі жағдай Қазақстанның мұнай экспортындағы стратегиялық әлсіз тұсын да қайта көрсетті. Ол – Каспий құбыр консорциумына жоғары тәуелділік.

Сарапшының пікірінше, мұнай қымбаттап тұрған кезеңді тек қосымша экспорттық табыс алу мүмкіндігі ретінде қарастырмаған жөн. Бұл балама бағыттарды дамыту қажеттігін де көрсетіп отыр.

"Қазіргі қымбат мұнай кезеңін қосымша экспорттық кіріс алу мүмкіндігі ретінде ғана емес, балама бағыттарды жедел дамытуға және экспорттық инфрақұрылымның тұрақтылығын арттыруға себеп ретінде қарастырған жөн", - дейді Венера Жаналина.

Оның айтуынша, мұнайдың жоғары бағасы қысқа мерзімде бюджет кірісіне оң әсер етеді. Алайда мұнайдан түсетін түсім ұзақ уақыт бойы жоғары деңгейде сақталады деген кепілдік жоқ.

"Егер геосаяси жағдай тұрақтанып, мұнай бағасына әсер етіп отырған тәуекелдер азайса, қазіргі қосымша табыстың бір бөлігі тез жоғалуы мүмкін", - деп қорытындылады сарапшы.