Jibek joly телеарнасында жеті саяси партияның дебаты аяқталды

Jibek joly телеарнасында жеті саяси партияның дебаты аяқталды

Құрылтай сайлауы алдындағы партиялар командалық теледебатының сауалнама қорытындысы анықталды. Рейтингте «Әділет» партиясы 60,6 пайыз дауыспен көш бастап тұр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Jibek Joly телеарнасы тікелей эфирі кезінде көрерменге «Қай партия командасының сөзі өтімді?» деген сауал қойылды. Көрермен экранның төменгі жағындағы QR-код арқылы дауыс берді. 2 сағатқа жуық аралықта сауалнамаға 165 153 көрермен қатысқан. 

Сауалнаманы «Jibek Joly» телеарнасының тапсырысы бойынша Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізді. 

Онлайн дауыс беру сайлау учаскесінде берілетін ресми дауыстың орнын алмастырмайды және сайлауға қатысушы партияның ресми рейтингін білдірмейді. Бұл – көрерменнің командалық телевизиялық дебатқа қатысқан партия өкілдерінің жауабы мен белсенділігіне берілген дербес баға.

Теледебат қалай өтті?

Теледебаттың басты ерекшелігі – пікірталас командалық форматта өтті, яғни әр партиядан екі спикерден қатысты.

Спикерлер жеребе арқылы анықталған ретпен сөз алды:

1. «Ақ жол» партиясы (Бек-Мұхамед Жәукебаев, Ермек Әбілдин);

2. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (Лариса Ли, Нұрайнаш Камалова);

3. «Әділет» партиясы (Айжан Аймағанова, Мәди Мырзағараев);

4. Қазақстанның Халық партиясы (Жандос Бидайбеков, Ирина Смирнова);

5. «Ауыл» партиясы (Жазира Сұлтанқұлова, Ерболат Саурықов);

6. «Байтақ» партиясы (Амалбек Өміртай, Алмат Тұртаев);

7. Respublica партиясы (Олжас Құспеков, Динара Шүкіжанова).

Дебатта 4 раунд болды

Бірінші кезеңде әр партия өкілдері өз ұстанымын ғана емес, бәсекелестерінің бағдарламасына да сыни көзқарасын білдіруге мүмкіндік алды.

Екінші кезеңде көрермен мен журналистер спикерлерге сұрақ қойды. Сауалдың бәрі «Заң мен тәртіп – Әділетті Қазақстанның негізі» тақырыбымен байланыстырылған.

Үшінші раундта әр партия өз таңдауы бойынша өзге партияға сұрақ қойып, өзара пікір таластырды.

Соңғы «Уәде» деп аталатын кезеңде әрбір партия өкілі Құрылтайға сайланған жағдайда атқарылатын істің анық-қанығын баяндады. Белгіленген 2 минут ішінде саяси ұйымдардың алдағы жоспары, бес жылға жоспарланған міндеттері тарқатылды.

Айта кетейік, Құрылтай сайлауы 23 тамызда өтеді.

Қазақстандықтардың дауыс беруі арқылы 145 депутат сайланады.