Шымкентте ер адам бұрынғы жұбайына қышқыл құйып, ауыр жарақат салды. Оқиға бойынша күдікті ұсталып, тергеу басталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ерлі-зайыпты шамамен бес жыл бұрын ажырасқан. Олардың ортақ баласы бар. Зардап шеккен әйел сұлулық салонында жұмыс істейді.
Оқиға болған күні бұрынғы күйеуі әйелге бөтен нөмірден хабарласып, өзін клиент ретінде таныстырған. Ол кешкі уақытта қабылдауын сұрап, кейін салонға қышқыл құйылған ыдыспен келген. Күдікті әйелдің үстіне қышқыл шашып жіберген.
Салдарынан жәбірленуші басы, беті, мойны, кеудесі, қолдары, арқасы мен иық тұсынан ауыр химиялық күйік алған. Қазір ол ауруханада ем қабылдап жатыр.
Болжам бойынша, жанжалдың туындауына несие мен алимент төлемдеріне қатысты мәселелер себеп болуы мүмкін.
Күдікті полиция қызметкерлері тарапынан ұсталды. Шымкент қаласы Қаратау аудандық полиция басқармасы аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 107-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады.
Аталған баптың санкциясы үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.