Қымыз ішкен ресейлік турист ауруханаға түсті

Қымыз ішкен ресейлік турист ауруханаға түсті
Фото: ЖИ

Қазақстанға саяхаттап келген ресейлік екі турист қымыз ішкеннен кейін ауруханаға жеткізілді. Олардың бірінің жағдайы ауырлап, тыныс алуы қиындаған. Бұл туралы Baza Telegram-арнасы мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәскеуден келген апалы-сіңлілі екі қыз мейрамханада қымыз ішіп көрмек болған. Алайда бірнеше жұтымнан кейін-ақ екеуінің де беті ісініп, тамағы жыбырлап, демі тарыла бастаған.

Олар бірден жақын жердегі дәріханаға барып, аллергияға қарсы дәрі ішкен. Дәріден кейін қыздардың бірінің жағдайы жақсарған. Ал екіншісінің жағдайы керісінше күрт нашарлап, денесіне бөртпе шығып, ара-тұра дем ала алмай қалған.

Мұны байқаған жергілікті тұрғындар жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер дер кезінде көмек көрсетіп, ісіктің одан әрі асқынуына жол бермеген.

Туристердің айтуынша, дәрігерлер мұны қымыздан болған күшті аллергиялық реакция деп түсіндірген.