Жер шарының миллиондаған тұрғыны сирек кездесетін астрономиялық құбылыс – толық күн тұтылуын бақылауға мүмкіндік алды. Табиғаттың ерекше көрінісі Исландия, Испания, Гренландия және Ресейдің солтүстік өңірлерінде анық байқалды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазақстан аумағында күн тұтылуы көрінбегенімен, қызығушылық танытқандар бұл құбылысты онлайн трансляциялар арқылы тамашалады.
Испанияда толық күн тұтылуының соңғы рет байқалғанына бір ғасырдан астам уақыт өткен. Осыған байланысты Леон, Сарагоса және Валенсия қалаларына мыңдаған турист жиналды. Ал Исландия астанасы Рейкьявикте толық күн тұтылуы соңғы рет 1433 жылы тіркелген.
Испания билігінің мәліметінше, елде «күн тұтылуы қызбасы» байқалып, бұл оқиғаға байланысты келген туристер саны 446 мың адамға жеткен.
Толық күн тұтылуы Айдың Күнді толық жабуы нәтижесінде орын алады. Сол сәтте күндіз бірнеше минутқа қараңғылық орнап, Айдың айналасынан Күн тәжін (коронасын) көруге болады. Бұл құбылыс астрономия әуесқойлары мен ғалымдар үшін ерекше қызығушылық тудырады.