“Отбасының қасында болады”: Президенттің баспасөз хатшысы қызметінен кетеді

“Отбасының қасында болады”: Президенттің баспасөз хатшысы қызметінен кетеді
Фото: zerkalo.az

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт тамыз айының соңында қызметінен кетеді. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Трамптың сөзінше, Левитт отбасына және кішкентай балаларына көбірек уақыт бөлу үшін осындай шешім қабылдаған.

"Мен оның шешімін толық түсінемін және құрметтеймін. Енді Кэролайн негізгі сыртқы кеңесшілерімнің бірі әрі Республикалық партиядағы ықпалды тұлғалардың бірі болады", - деп жазды Трамп әлеуметтік желіде.

Кэролайн Левитт Ақ үйдің баспасөз хатшысы қызметіне 2025 жылдың қаңтарында кіріскен. Ол кезде 27 жаста еді. Осылайша Левитт АҚШ әкімшілігі тарихындағы ең жас баспасөз хатшысы атанды. Оның орнына кім келетіні әзірге белгісіз.

Левитт Ақ үйдегі қызметін өміріндегі ерекше кезең деп бағалады. Ол X әлеуметтік желісінде бұл жұмыстың өзі үшін үлкен мәртебе әрі ұмытылмас тәжірибе болғанын жазды.

"Ана болу, жаңа туған сәбиді тәрбиелеу және әлемдегі ең жауапты қызметтердің бірінде жұмыс істеу – өмірімдегі ең қарбалас әрі күрделі, бірақ ең бақытты кезең болды", - деді Кэролайн Левитт.