14 тамыз күні сағат 14:38-де жоғары кернеулі электр желілерінде болған апат салдарынан Алматы қаласы мен Алматы облысының бірқатар бөлігінде жарық өшті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мәліметке сәйкес, «KEGOC» АҚ-ға қарасты 500 кВ-тық Л-5400, Л-5300 және Л-5320 әуе желілері авариялық жағдайда ажыратылған. Осыдан кейін «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ желілерінде апаттың салдарын шектеуге арналған автоматты жүйелер іске қосылып, тұтынушылардың бір бөлігі электр қуатынан ажыратылды.
Апатқа қарсы автоматика жұмысының нәтижесінде шамамен 300 мегаватт жүктеме желіден ажыратылған.
Алматы облысында жарық Жамбыл, Балқаш, Есік, Қарасай, Шелек, Райымбек, Ұйғыр, Іле, Кеген және Талғар аудандарында өшкен.
Алматы қаласында электр қуаты Бостандық, Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарының тұрғындарына уақытша берілмей қалды.
Қазіргі уақытта «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мамандары электрмен жабдықтауды толық қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Компания өкілдерінің айтуынша, тұтынушыларды қайтадан жарыққа қосу үшін қажетті шаралар қолға алынған.