Сыйлыққа алған пәтерге салық төлене ме?

Сыйлыққа алған пәтерге салық төлене ме?
Фото: www.podmoskowje.ru

Қазақстанда бір адам екінші адамға пәтерді сыйға тартқан жағдайда, оны алған азамат жеке табыс салығын (ЖТС) төлемейді. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті түсіндірме берді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ведомствоның мәліметінше, жеке тұлғаның басқа бір жеке тұлғадан тегін негізде алған мүлкі, оның ішінде сыйға тартылған немесе мұраға қалған мүлік салық салынатын табыс болып саналмайды.

Сондықтан сыйлыққа алған пәтер үшін жеке табыс салығын төлеудің қажеті жоқ.

Алайда бұл ереже кәсіпкерлік мақсатта пайдалануға арналған мүлікті тегін алған жеке кәсіпкерлерге қолданылмайды.

Сыйға алған пәтерді сатсаңыз не болады?

МКК мәліметінше, егер сыйға алынған пәтер меншік иелігінде екі жылдан аз уақыт болып, 2026 жылы сатылса, кей жағдайда жеке табыс салығы туындауы мүмкін.

Мұндай жағдайда салық салынатын табыс пәтерді сату бағасы мен оның бағалау құны арасындағы оң айырма ретінде есептеледі.

Бағалау құны ретінде меншік құқығы пайда болған жылдың 1 қаңтарындағы мүлік салығын есептеу үшін белгіленген құн алынады.

Сонымен қатар ерекше жағдай да бар. Егер мүлік 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін тегін алынып, ал сату 2026 жылдың 1 қаңтарынан кейін жүзеге асса, бұрынғы тәртіп қолданылады. Яғни меншік мерзімі екі жыл емес, бір жылдан аз болған жағдайда ғана салық мәселесі қаралады.

Салық қалай есептеледі?

Комитеттің түсіндіруінше, тегін алынған мүлікті сатқан кезде сатып алу құны болмағандықтан, өсімнен түсетін табыс ретінде көбіне сату құнының өзі есепке алынады.

Дегенмен Салық кодексінде бірқатар ерекшелік қарастырылған:

егер мүліктің құны бұрын салық салынатын табыс ретінде есепке алынған болса, сол құн негізге алынады;

мұра немесе қайырымдылық ретінде алынған мүлік үшін нарықтық құн қолданылады;

тұрғын үй секілді мүлік объектілері үшін бағалау құны есепке алынады;

жер учаскелері бойынша кадастрлық құн пайдаланылады;

өзге жағдайларда сатып алу құны нөлге тең деп есептеледі.

Осылайша, сыйлыққа берілген пәтерді алған азамат оған бірден салық төлемейді. Бірақ мұндай баспананы кейін сату кезінде меншік мерзімі мен бағалау құнына байланысты салық міндеттемесі туындауы мүмкін.