Өлімге 5 минут қалғанда: Қырғызстан тауларында туристерді мұз көшкіні басып қала жаздады (ВИДЕО)

Өлімге 5 минут қалғанда: Қырғызстан тауларында туристерді мұз көшкіні басып қала жаздады (ВИДЕО)

Табиғат аясындағы әдемі кадр санаулы секундтың ішінде өмір мен өлім арасындағы сәтке айналды. Қырғызстандағы Тянь-Шань тауларын аралап жүрген туристер алып мұздықтың опырылып, өздеріне қарай жылжығанын видеоға түсіріп алған. Кадр сырттай әсерлі көрінгенімен, оқиғаның соңы қайғылы аяқталуына небәрі бірнеше минут қалған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқиға Жүккү асуы маңында болған. Топ құрамында тоғыз Ұлыбритания азаматы мен бір америкалық турист болған. Олар таудағы маршруттың ең биік нүктелерінің біріне жеткен кезде британдық Гарри Шиммин суретке түсіру үшін өзгелерден сәл алыстап кеткен. Сол кезде оның арт жағынан мұздың қатты шытынаған даусы естіледі.

Шиммин бұрылып қарағанда таудың жоғарғы бөлігінен алып мұз бен қар массасының төмен қарай құлап келе жатқанын көреді.

Қашып кету мүмкіндігі болмаған. Оның бір жағында жарқабақ орналасқан, ал жақын маңда ғана ықтайтын шағын орын болған. Сондықтан турист камерасын өшірмей, сол жерде қалуға шешім қабылдайды.

49 секундтық видео

Шиммин түсірген кадрларда алғашқыда алыстан құлап жатқан мұз массасы көрінеді. Алайда бірнеше секундтан кейін жағдайдың ауқымы анық байқала бастайды: қар мен мұздан көтерілген алып бұлт тау беткейін түгел жауып, турист тұрған жерге қарай жылжиды.

Көп ұзамай айнала аппақ тұманға оранып, Шимминнің өзін де қар басады.

Кейін ол қар үстінен өте бастағанда айнала қарауытып, тыныс алу қиындағанын және сол сәтте шынымен өліп кетуі мүмкін екенін ойлағанын айтқан.

Бірақ негізгі мұз массасы турист тұрған нүктеге тікелей соқпаған. Оның үстінен негізінен қар мен ұсақ мұз бөлшектерінің бұлты өткен.

Шиммин аман қалды.

«Бес минут әрі жүргенімізде, бәріміз өлетін едік»

Ең таңғаларлығы – туристердің қаншалықты аз айырмашылықпен апаттан аман қалғаны кейін белгілі болды.

Шимминнің айтуынша, топ маршрут бойынша тағы бес минуттай алға жүріп кеткенде, мұз көшкінінің тура жолында қалатын еді. Ондай жағдайда он адамның аман қалу мүмкіндігі өте төмен болғанын ол кейін еске алған. 

Топ мүшелерінің басым бөлігі зардап шекпеген. Оқиға туралы сол кездегі жергілікті мәліметтерде бір әйелдің тізесі жарақаттанып, тағы бір туристің аттан құлап көгергені айтылған. 

Осылайша алып мұз көшкінінің дәл жанында қалған он турист үшін оқиға жеңіл жарақатпен аяқталды.

Бұл оқиға қазір болған жоқ

Әлеуметтік желілерде бұл видео ара-тұра қайта тарап, жаңа оқиға ретінде ұсынылып жүр. Алайда кадрлар 2022 жылғы 8 шілдеде Қырғызстандағы Тянь-Шань тауларында түсірілген. Видео сол кезде-ақ халықаралық БАҚ-тың назарына іліккен. 

Оқиғаның тағы бір ерекшелігі бар.

Қырғызстандағы мұздық опырылуынан бірнеше күн бұрын Италияның Доломитіндегі Мармолада мұздығының бір бөлігі құлап, адам өліміне әкелген еді. Сондықтан сол кезеңде бір аптаның ішінде болған екі ірі оқиға климаттың жылынуы жағдайындағы тау мұздықтарының тұрақтылығы туралы үлкен пікірталас туғызды.

Мұздықтар неге қауіпті бола бастады?

Климаттың жылынуы мұздықтардың көлемін ғана азайтпайды. Температура, еріген су, мұздың ішкі құрылымы мен тау жыныстарының тұрақтылығы сияқты факторлар күрделі өзара байланыста болады. Сондықтан әрбір нақты опырылуды тек жаһандық жылынумен түсіндіру дұрыс емес.

Дегенмен қазіргі ғылыми зерттеулер климаттың өзгеруі таулы аймақтардағы мұздықтарға байланысты қауіптердің сипатын өзгертіп жатқанын көрсетеді. 2026 жылы Nature Reviews Earth & Environment журналында жарияланған ірі шолуда мұздықтардың жылдам қозғалысы мен соған байланысты қауіптер климат өзгерген сайын жаңа жағдайларға бейімделіп отырғаны көрсетілген. 

Тағы бір жаңа зерттеу әлемдегі жекелеген мұздықтардың жойылу қарқыны XXI ғасырдың ортасына қарай шарықтауы мүмкін екенін болжайды. Қазіргі климаттық траекторияларға байланысты 2041-2055 жылдары жыл сайын бірнеше мың мұздық жоғалуы ықтимал. 

Бұл өзгерістер Тянь-Шань секілді биік таулы өңірлер үшін ерекше маңызды. Мұздықтар мұнда тек туристік нысан емес – олар өзендерді қоректендіретін табиғи су қоймасы әрі тау экожүйесінің негізгі бөлігі.

Әдемі кадрдың ар жағындағы ескерту

Гарри Шимминнің видеосы интернетте миллиондаған адамның назарын аударған әсерлі табиғи кадр ретінде тарады. Бірақ оның ең маңызды бөлігі мұз көшкінінің өзі емес.