Путиннің Қиыр Шығыс сапары Жапонияның қытығына тиді

Путиннің Қиыр Шығыс сапары Жапонияның қытығына тиді
Фото: flickr.com/Héctor de Pereda

Жапония үкіметі Ресей президенті Владимир Путиннің Итуруп аралына барғанынан кейін Мәскеуге қарсы санкцияларды күшейту мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы NHK телеарнасы хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Путин бұған дейін Сахалин облысына жұмыс сапарымен барып, өңір губернаторы Валерий Лимаренкомен кездескен. Кейін ол Итуруп аралына барып, әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.

NHK мәліметінше, Токио Ресей президентінің бұл сапарына жауап ретінде қандай шара қабылдау қажеттігін талқылауда. Соның ішінде Жапония халықаралық серіктестерімен бірге енгізіп отырған санкциялық шектеулерді қатаңдату мәселесін қарастырып жатыр.

Жапонияның Сыртқы істер министрлігі Ресейге ресми наразылық білдірді. Ведомство басшысы Тосимицу Мотэги Оңтүстік Куриль аралдарын Жапонияның «ажырамас аумағы» деп атап, Путиннің сапарын қабылдауға болмайтын әрекет ретінде бағалады. Сондай-ақ Ресейдің Жапониядағы елшісі Николай Ноздрев жапон СІМ-іне шақырылды.

Өз кезегінде ресейлік дипломат Куриль аралдары Ресей Федерациясының ажырамас бөлігі екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Ресей президентінің ел аумағындағы кез келген өңірге, соның ішінде Куриль аралдарына жасаған сапары шет мемлекеттермен талқыланатын мәселе емес.

Жапония премьер-министрі Санаэ Такаити де Путиннің Итурупқа баруы Токионың ұстанымына қайшы келетінін айтты. Оның пікірінше, бұл қадам екі ел арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіру мүмкіндігін одан әрі қиындатады.

Ал Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев Куриль аралдарының Ресейге тиесілі екенін мойындамайтындарға «ауыр салдар» болуы мүмкін екенін ескертті.

Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова болса, жапон билігінің реакциясын «ревизионистік көзқарастың көрінісі» деп бағалады. Оның сөзінше, Токионың Ресейге қатысты қазіргі саясаты жапон халқының мүддесіне сай келмейді.

Айта кетейік, Куриль аралдарына қатысты аумақтық дау Екінші дүниежүзілік соғыстан бері Ресей мен Жапония арасындағы негізгі келіспеушіліктердің бірі болып келеді. Осы мәселенің шешілмеуі екі елдің толыққанды бейбіт келісім жасауына да кедергі келтіріп отыр.