Back
| DalaNews

ТАСМАҒАМБЕТОВ ЖОЛЫ

Әлем қорқынышты түс көріп жатқан алағай да бұлағай шақта социалистік лагердің атеистік идеологиясы құрдымға кетті. Әлемде жаңа тәртіп орнайтынын айтқан сәуегейлер неше түрлі кесім жасап, демократиялық жүйенің ғана адамзат ойлап тапқан ең оңтайлы жол екеніне шүбәсіз сенгендердің емеуіріні күбір-сыбырдан айқайға ұласты. Дүниенің қаққа бөлінген көзқарастары бір уақ ымыраға келгендей, хаостың қайталанбайтынына үнсіз иланғандай еді. Бұл сәт Тәуелсіздік алған елдердің болашағы туралы толғаныстар көбейіп, Ұлы Түркі жұрты сан ғасырлық езгіден босағанын өздері сезбей тұрған мезет болатын. Кеңестік империядан ірге бөлген елдердің ішінде Қазақстанның ертеңіне сенімнен гөрі күмән басым болды. Әсіресе, бұл елдің көшін бастар жаңа элита қалыптасарына сенбегендер өз ішімізде де, сыртта да көп-тұғын.

Қазақ ежелден тұлғалардан кенде болмаған. Жалаңаш барып жауға тиген бабалар жолы – асқақ армандар мен ізгі мұраттардың шежіресі. Бүгінгі қазақ қанында – сол ерлік дастаны жазулы. Оны рухи тұрғыдан оятпақ ләзім. Басын төмен салған, ел көзіне отты жанарын тіктеп қадай алмаған ұланның – рухы пәс, тірлігі еңкіш. Қаншалықты қатігез замана туса да, қасқайып қарсы тұрарлық махамбеттік өрлік пен кенесарылық жанпидалық барша Алаш жұртына ортақ мінездеме болуы керек. Жүнжігендерді жардан уақыт дауылы үйіріп, құзға тастайды, боркеміктерді дәуір тасқыны жұлмалап, жағаға лақтырады. Ұлттық рухтың тіні – өзегіңді өрт шалса да, айбатыңды, айбыныңды жоғалтпау. Міне, Тәуелсіздік сын сағаты бізге осыны үйретті. Нарықтық экономика қараша халықты қос бүйірінен қысқанда, өзіне арқа сүйер қорған іздеді, табан тірер тиянағы – ертеңге сенім екенін ұмытпау керектігін мықтап түсінді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев халықтың үдесінен шығатын жастарды маңына топтастыра бастаған тоқсаныншы жылдардың басында елге ерте танылған, ісімен де, сөзімен де, берген уәдесімен де халықтың көңілінен орын тапқан санаулы тұлғалардың бірі – Иманғали Тасмағамбетов болды.

Девальвация тек қаржы саласына қатысты термин емес, тұлғалардың да нарқын әйгілейді. Кешегі егейлердің көбі уақыт тезіне шыдас бермеді, бірінің аты он жылдықтар тізімінде жазылса, енді бірінің есімін ел сындарлы сәттің архивтерінен ғана көретін күнге жетті. Кейбірі әз бастарын бәйгеге тігіп, шаһид кешсе, тағы бірі боранды-шашынды мезгілге сыр берген жоқ. Аз уақыт көп пенденің шынайы болмысын таразыға салып үлгерді. Иманғали Нұрғалиұлының билік сатысындағы жүрген жолына зер салсаңыз, қандай қызмет атқарса да, ең әуелі қарапайым көпшіліктің көңілінен шығып, әр ісімен өзінің саяси тұлға екендігін дәлелдегенін көресіз.

 Әскери мамандарға идеологиялық жұмыс, патриоттық рух жетіңкіремейді, шекараны күзету – Қазақстан картасын күзету емес, оның рухани болмысы мен елдің рухын күзету екенін естен шығармау парыз. Иманғали Нұрғалиұлының алдындағы ең басты міндет осы ғой деп ойлаймыз.

ҰТЫМДЫ ШЕШІМ

| DalaNews

Қазір біз үшін басты мәселе – елдің бүтіндігі, іргенің сөгілмеуі және халықтың өз қорғанысына сенімі.

Мемлекет – алып механизм. Оның жүрегі – саяси жүйе. Бірақ, жүрек сау болу үшін механизмнің әрбір тетігі мығым болғаны жөн. Біз көп жағдайда жүрек туралы сөз қозғаймыз, жүректі нұрландырар өзге де мыңдаған тетіктердің бар екенін естен шығарамыз. Егер елдің әрбір құрылымы дұрыс жұмыс істесе, жұлын-жүйкесі, қан тамырлары, өзге де ағзалары сау болса, жүрек те тыныш, қалыпты ырғағынан таймақ емес. Бұл – әрбір облыс, аудан, ауыл басшыларының, барша саяси һәм әкімшілік құзыреттің өзіне жүктелген міндетті ойдағыдай орындауына байланысты күрделі барыс.

Иманғали Тасмағамбетовты Президент ең өзекті орындарға сеніммен тағайындап, үлкен үміт күтетіні сол себептен деп ойлаймыз. Бұрынғы атқарған қызметтері туралы бұған дейін талай мәрте айтылды, жазылды. Біз қолға алғанына көп бола қоймаған Қорғаныс министрлігіне барғалы бері мемлекет үшін, тәуелсіздік үшін ең маңызды саланың тәртіпке келе бастағанын көріп, жұрттың рухы серпіле бастағанына куә боп отырмыз. «Тәртіпке бағынған – құл болмайды». Қорғанысын жемқорлық, бейберекетсіздік, ұлтсыздық жайлаған елдің болашағы бұлыңғыр. Елбасы Тасмағамбетовке осы саланы тапсырғанда ел арасында түрлі әңгімелер гуледі. Біздіңше, бұның ең ұтымды кездегі шешім екенін аңғарғандар да болды. Өйткені, қазір біз үшін басты мәселе – елдің бүтіндігі, іргенің сөгілмеуі және халықтың өз қорғанысына сенімі.

Не үшін ең ұтымды шешім? Айналаңызға қараңыз, әлемде тәртіп орнаған жоқ, Хантингтон айтқан өркениеттер қақтығысы жаңа мазмұнда шиеленісе түсті, тіпті, Украина мен Ресейдің өзі – ағайынды елдер соғыс өртін ушықтырып отыр (Хантингтон бұл екі елдің тоқсаныншы жылдардағы қырғиқабақ шақтан аман өткенін өзара ортақ өркениеттің, тілдің, діннің, географиялық, туысқандық жақындықтың арқасы екенін айтып, соғыспауы мүмкін деген болжам жасаған). Еуразиялық кеңістіктегі бірігудің астарынан саяси мінез де қылаң беріп жүр, Жаңа Ресей елесі кезген үйекте үрей басым. Бұдан бөлек, Таяу Шығыстағы тұрақсыздық пен қантөгіс бізге де қауіп төндіріп тұрғаны анық. Ел ішінен шыққан түрлі діни топтар Тұранды тастап, қан майданда қару асынып, ғаламторлық мүмкіндікті әбжілдікпен пайдалануда. Орталық Азияның түн ұйқысы төрт болмаса да, үнемі қауіп-қатердің өтінде екенін ұмытпаған абзал. Қытай әскері бізді ғана емес, барша әлемді тітіркендіріп отыр; Батыс пен Ресей арасындағы дау-дамай экономикалық тартыстан гөрі, әскери әлімжеттілікке басымдық беріп кетпесіне кім кепіл?! Мұндай алмағайып күнде қорғанысты күшейтпеске лаж қайсы?!

 «Тәртіпке бағынған – құл болмайды». Қорғанысын жемқорлық, бейберекетсіздік, ұлтсыздық жайлаған елдің болашағы бұлыңғыр. Елбасы Тасмағамбетовке осы саланы тапсырғанда ел арасында түрлі әңгімелер гуледі. Біздіңше, бұның ең ұтымды кездегі шешім екенін аңғарғандар да болды. Өйткені, қазір біз үшін басты мәселе – елдің бүтіндігі, іргенің сөгілмеуі және халықтың өз қорғанысына сенімі.

ШЕКАРАНЫ КҮЗЕТУ – ҚАЗАҚСТАН КАРТАСЫН КҮЗЕТУ ЕМЕС

| DalaNews

Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының 1 миллион әскері болғанын жастар санасына, әсіресе сарбаздар санасына мықтап сіңірген жөн.

Әрине, бүкіл елдің қорғанысын сала басшысы ғана ретке келтірмейді, тұтас елдің сақтығы мен елгезектігі, сергектігі қажет. Алаш көркейсе, алаш өссе, өзінің барын қадірлеуімен, қолда барынан айырылмауымен өседі. Әскері мығым елдің ғана ұйқысы тыныш.

Тәуелсіз ел атану – ұлы мақсат. Тәуелсіздікті кірпік қақпай қорғау – әзіз мұрат. Тәуелсіздік алудан гөрі, оны сақтау – қиынның қиыны. Сенбесеңіз, дәуірлер керуеніне қараңыз, Ұлы Даланың төсінде талай хандықтар құрылып, небір патшалықтардың дәурені жүрген.

Ел егемендігін алғалы бері қорғаныс саласына қыруар қаржы құйылып, осызамандық технологиялар, әскери техникалармен жабдықталды. Қорғаныстың қыр-сырын білетін білікті мамандар  қазақ әскерінің өсуіне, дамуына өз үлесін қосты. Қазір Орталық Азия бойынша ең қуатты армия біздікі. Дегенмен, бұл саланың өзіндік кемшіліктері мен қиындықтары да жетерлік. Соңғы жылдары қорғаныстағы біраз былықтардың беті ашылып, ел ішінде әжік-күжік әңгіме тарады. Соның бәрін халқымыз ғана бақылап отырған жоқ, сырттан сығалаған неше түрлі топтар бар. «Жау – жар астында». Әскери әлуеттілікті көрсету үшін жылына бірнеше рет әскери дайындық өткізіп, өзімізді өзіміз марқайту жеткіліксіз, ең маңыздысы – бұл салада ұлтына қорған болатын сарбаздардың көп екендігін, олардың жаңа әлемдік әскери тахнологияны жетік меңгерген, білімді, сертке берік, Отан алдындағы антқа берік жігер-күш иелері екенін елге көрсете білу. Айтпағымыз, әскери мамандарға идеологиялық жұмыс, патриоттық рух жетіңкіремейді, шекараны күзету – Қазақстан картасын күзету емес, оның рухани болмысы мен елдің рухын күзету екенін естен шығармау парыз. Иманғали Нұрғалиұлының алдындағы ең басты міндет осы ғой деп ойлаймыз.

Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтетін біздің ел сонау Қасым ханның тұсында бір миллион әскері болғанын жастар санасына, әсіресе, әскери қызметкерелер мен сарбаздар санасына мықтап сіңіргені жөн. Олар Қазақстан мемлекетінің территориясын бағзы бабалардың қалай қорғағандарын тарих беттерінен ғана оқымай, шынайы жүректерімен сезеріне сенімдіміз. Әскерінде рух болмаған елдің ертеңіне сенімі азаяды. Әскері өткен тарихын білмесе, ұры-қары, сатқын, опасыздар көбейеді. Әскери салада сатқындыққа жол жоқ!

Айбындан, Алаш әскері! Сенің рухи сергектігің – елдің тыныштығы. Сен қалғысаң, сен пәс болсаң – елден берекет, ырыс кетеді.