Ресейдің Самара қаласындағы ірі мұнай тасымалдау торабында болған өрт Қазақстан мұнайын экспорттаудың бір бағытына кедергі келтірді. 2 қарашаға қараған түні ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылынан кейін Ресей «Атырау – Самара» мұнай құбыры арқылы қазақстандық мұнайды қабылдауды уақытша тоқтатты, деп хабарлайды dalanews.kz.
2 қарашаға қараған түні дрондар Самара өндірістік-диспетчерлік торабына шабуыл жасаған. Мәскеу уақытымен сағат 04:09-да осы бағыт бойынша қазақстандық мұнайды тасымалдау тоқтатылды. Қазақстанның Энергетика министрлігі мұнай қабылдаудың уақытша тоқтатылғанын растады. Қазір мамандар шабуылдан кейін жабдықтардың жай-күйін тексеріп жатыр.
Министрлік мәліметінше, аталған бағыт бойынша мұнай қабылдау жақын арада қайта жандануы мүмкін. Биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстан «Атырау – Самара» мұнай құбыры арқылы 7,57 миллион тонна мұнай экспорттаған.
Самара мұнай торабына шабуыл жиілеген
Бұл – соңғы бір айда Самара мұнай торабына жасалған бесінші шабуыл. Бұған дейін дрондар 2, 7, 10 және 11 қазанда соққы жасаған. «Самара» станциясы «Транснефть» компаниясына тиесілі. Ол Ресейдегі мұнайды айдау және сақтау бойынша ең ірі тораптардың бірі саналады. Мұнда жалпы сыйымдылығы 1,6 миллион текше метрден асатын 71 мұнай резервуары бар. Торапқа төрт мұнай құбыры жалғанған.
Олардың бірі – кезінде Гурьев – Куйбышев деп аталған «Атырау – Самара» мұнай құбыры. Қазақстан мұнайы осы бағыт арқылы Ресейдің магистральдық құбыр жүйесіне қосылып, одан әрі сыртқы нарықтарға жеткізіледі. Айта кетейік, биыл тамызда Каспий құбыр консорциумында (КҚК) туындаған мәселелерге байланысты Қазақстан «Атырау – Самара» бағыты арқылы мұнай тасымалдау көлемін арттырған болатын.