Қазақстанда әйелдерге арналған “Ұмай” ипотекасына өтінім қабылдау қайта басталды

Қазақстанда әйелдерге арналған “Ұмай” ипотекасына өтінім қабылдау қайта басталды
Фото: www.podmoskowje.ru

Отбасы банк әйелдерге баспана алуға мүмкіндік беретін "Ұмай" ипотекалық бағдарламасының екінші кезеңін іске қосты. Жобаға Азия даму банкі 20 млрд теңге бөлді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бағдарлама аясында қазақстандық әйелдер тұрғын үй сатып алу үшін 50 млн теңгеге дейін несие рәсімдей алады. Қарыздың жылдық мөлшерлемесі 14,8 пайызды құрайды. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 16,3–16,8 пайыз аралығында белгіленген.

Алматы мен Астанада баспана құнының кемінде 20 пайызын бастапқы жарна ретінде төлеу қажет. Өзге қалаларда бұл көрсеткіш 15 пайыздан басталады. Бағдарламаға қатысу үшін отбасының орташа айлық таза табысы 1,25 млн теңгеден аспауға тиіс. Сондай-ақ үміткер соңғы алты айдағы ресми табысын растауы керек.

"Ұмай" бағдарламасы арқылы жаңадан салынған тұрғын үйден немесе қайталама нарықтан пәтер сатып алуға болады. Алайда екінші нарықтағы баспана орналасқан ғимарат 2016 жылдан ерте салынбауы қажет.

Өтінімді Отбасы банктің сайты арқылы онлайн беруге болады. Бұдан бөлек, банк консультантының көмегіне жүгіну немесе бөлімшеге тікелей бару мүмкіндігі қарастырылған.

Бұған дейін бағдарламаға өтінім қабылдау небәрі жеті сағат ішінде тоқтатылған еді. 31 тамызда банкке 855 өтінім түсіп, бөлінген 9 млрд теңге лимиті толық игерілген. Енді Азия даму банкі бағдарламаны жалғастыру үшін қосымша 20 млрд теңге бөлді.