Жезқазғанда жаңа төселген асфальт тұрғындардың наразылығын туғызды

Жезқазғанда жаңа төселген асфальт тұрғындардың наразылығын туғызды
Фото: Письма Президенту телеграм арнасынан

Жезқазғандағы Жанасова көшесінде жылу құбырларын ауыстырғаннан кейін асфальттың сапасыз төселгені айтылды. Әлеуметтік желі қолданушылары жөндеу жұмыстарына жауапты мердігерлерді ғана емес, қала әкімі Мұрат Бұрмабаевты да сынға алды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Gosrating парақшасында жарияланған жазбада Мұрат Бұрмабаевтың бұған дейін Сәтбаев қаласын басқарғаны, сол кезде де тұрғындар оның жұмысына бірнеше рет шағымданғаны жазылған. Автор Жезқазғандағы мердігерлер асфальтты талапқа сай төсемей жатқанын айтып, қала басшылығының жұмысты неге бақыламай отырғанына назар аударған.

Жезқазған қаласының қоғамдық кеңес мүшелері Жанасова көшесіндегі жөндеу жұмыстарын тексерген. Бұл көшеде жылу құбырларын ауыстыру кезінде тротуар мен жол жабыны бұзылған. Алайда кейінгі қалпына келтіру жұмыстары талапқа сай жүргізілмеген.

"Асфальт төсер алдында жер дайындалмаған. Астына қиыршық тас салынбаған, битум да жағылмаған. Асфальт топырақтың үстіне тікелей төселген. Оны қолмен көтергенде шаң-топырақпен бірге оңай ажырап жатыр", – деді қоғамдық кеңес өкілі.

Жылу құбырларын ауыстыру жұмыстарын «Альпром» компаниясы жүргізгені айтылды. Қоғамдық кеңес мүшелерінің пікірінше, сапасыз төселген асфальтты толық алып тастап, технологиялық талаптарға сай қайта төсеу қажет.

Әзірге Жезқазған қаласының әкімдігі мен мердігер компания айтылған сынға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.