Ресейдің Дағыстан Республикасында 30 қазанда жұмысқа шығып, із-түзсіз жоғалған 34 жастағы такси жүргізушісі Динара Алхасованың мәйіті табылды. Әйелдің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, үш адам күдікке ілінді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Динара Алхасова Махачкала қаласында әйелдерге арналған такси қызметінде жұмыс істеген. 30 қазанда ол кезекті тапсырысты орындау үшін үйінен сұр түсті Volkswagen Polo көлігімен шыққан.
Марқұмның құрбысының айтуынша, сол күні ер адамнан тапсырыс түскен. Жолаушы сапар үшін жоғары ақы ұсынғандықтан, Динара тапсырысты қабылдауға келіскен. Алайда үйінен шыққаннан кейін әйел жақындарымен байланысқа шықпаған.
Жоғалған әйелді іздеу барысында оның ұялы телефоны Қызылюрт қаласынан табылған. Ал 2 қарашада тергеу әрекеттері кезінде Махачкала маңындағы Новый Хушет елді мекенінен оның жерге көмілген мәйіті анықталды.
IslamNews басылымының Mash Gor Telegram арнасына сілтеме жасап жазуынша, қылмыс ізін жасыру үшін арнайы техника пайдаланылған болуы мүмкін. Басылым мәліметінде бұрынғы күйеуінің танысы трактор жүргізушісіне ауладан әжетханаға арналған шұңқыр қаздырғаны айтылады. Кейін сол жерге әйелдің денесі жасырылып, шұңқыр қайта көмілген деген ақпарат тараған.
Бұл жайттардың егжей-тегжейі тергеу барысында анықталады.
2 қарашада Ресейдің Тергеу комитеті Дағыстанда әйелдің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын және екі адамның ұсталғанын хабарлады. Кейін Мәскеудің Домодедово әуежайында осы іске қатысы бар деген күдікпен тағы бір әйел ұсталғаны белгілі болды.
Дағыстан Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Гаяна Гариеваның мәліметінше, ұсталған әйел такси қызметіне тапсырыс беріп, Динара Алхасовамен сөйлескен. Құқық қорғау органдары күдіктілердің әрқайсысының оқиғаға қатысын анықтап жатыр. Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде.