Желтоқсаннан бастап Қазақстанға шетелден көлік әкелу қиындайды: баға еселеп өсе ме?

Желтоқсаннан бастап Қазақстанға шетелден көлік әкелу қиындайды: баға еселеп өсе ме?
Фото: Shutterstock.com / Fotodom, kp.ru

Қазақстанда желтоқсанның соңында жеке пайдалану үшін шетелден көлік әкелудің жаңа ережелері күшіне енеді. Бұл туралы "КТК" телеарнасының сюжетінде айтылған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жаңа талаптарды Көлік министрлігі бекітті. Енді шетелден әкелінетін көлік шығарылғанына бес жылдан аспауы және экологиялық санаты "Еуро-5" стандартынан төмен болмауы керек. Бұл талаптар жеңіл көліктерге ғана емес, мотоциклдерге, мопедтерге, жүк көліктері мен тіркемелерге де қатысты.

Компаниялар мен жеке кәсіпкерлер үшін бөлек ережелер қарастырылған.

Көлік сарапшыларының пікірінше, жаңа талаптар көлік күрт қымбаттауына әкеп соқпайды. Өйткені шетелден әкелінетін көліктердің басым бөлігі онсыз да салыстырмалы түрде жаңа. Дегенмен Қазақстан нарығында бұрыннан бар көліктерге сұраныс артуы мүмкін.

Сондай-ақ, бұл өзгерістер отандық көлік өндірушілерге тиімді болуы ықтимал.

"Бұл Қазақстанда шығарылған жаңа көліктердің сатылымын арттыруға бағытталған. Қазір елімізде сатылатын жаңа көліктердің шамамен 70 пайызы Қазақстанда өндіріледі. Жаңа автозауыттар да салынып жатыр. Былтыр іске қосылған ірі зауыттардың бірі Алматыда орналасқан. Әрине, сол зауыттарда шығарылған көліктерді сату керек", - деді сарапшы Алексей Алексеев.