Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы ұшып бара жатқан кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы жеделхат жолдады. Түрік көшбасшысы Қазақстан халқына ізгі тілегін білдіріп, екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың маңызын атап өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Қазақстан Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді.
Оның айтуынша, Режеп Тайип Ердоған Корея Республикасына ресми сапармен бара жатқан кезде Қазақстан аумағы арқылы ұшып өткен. Осы сәтте ол Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылы лебізін жолдаған.
Түркия Президенті жеделхатында Қазақстанды бауырлас әрі достас мемлекет ретінде атап, екі ел басшыларының бұған дейінгі кездесулерін еске алған.
"Корея Республикасына ресми сапармен бағыт алған мен тарихи атамекеніміз – достас әрі бауырлас Қазақстан аумағымен ұшып барамын", – делінген Ердоғанның жеделхатында.
Түрік көшбасшысы биыл мамыр айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында Анкараға барған сапарының нәтижелеріне тоқталған.
Ол Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммиті аясындағы кездесулерді де жылы ықыласпен еске алған.
"Осы орайда, Сіздің деніңізге саулық, көңіліңізге қуаныш, ал бауырлас Қазақстан халқына бақ-береке тілеген ізгі сәлемімді жолдағым келеді", – деп жазды Режеп Тайип Ердоған.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев түрік көшбасшысының жылы лебізіне жауап берді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолданған ізгі тілектер үшін және Анкарадағы сапар барысында көрсетілген қонақжайлыққа ризашылығын білдірді.
"Корея Республикасына барар жолда Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы ұшып бара жатқан Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғаннан жылы лебізге толы хабарлама алдым", – деп жазды Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел басшыларының өзара сапарлары Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыстың жоғары деңгейде екенін көрсеткенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан мен Түркия арасындағы достық және стратегиялық әріптестік қатынастарды одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.