Қазақстанға Испаниядан екінші ауыр әскери-көлік ұшағы жеткізілді

Қазақстанға Испаниядан екінші ауыр әскери-көлік ұшағы жеткізілді
gov.kz

Испаниядан Алматыға Қазақстан Қарулы күштерінің Әуе қорғанысы күштеріне арналған екінші ауыр әскери-көлік Airbus A400M Atlas ұшағы жеткізілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жаңа әуе кемесі әскери-көлік авиациясының мүмкіндіктерін кеңейтіп, қорғаныс және гуманитарлық міндеттерді орындауға пайдаланылмақ.

Екінші A400M ұшағының келуі Қазақстанның әскери-көлік авиациясын дамытуға мүмкіндік береді. Бұл әуе кемелері әскери міндеттермен қатар, төтенше жағдайлардың салдарын жою, халықты эвакуациялау және гуманитарлық көмек жеткізу үшін де қолданыла алады.

Сонымен бірге ұшақтар қазақстандық әскери қызметшілердің халықаралық бітімгерлік миссияларға қатысуын қамтамасыз етуге пайдаланылмақ. Бұл ұлттық бітімгерлік контингентті шетелге өз күшімен тасымалдау мүмкіндігін кеңейтеді.

Жаңа авиациялық техниканы пайдалануға қазақстандық экипаждар мен инженерлік-техникалық мамандар дайындалған. Олар Испанияның Севилья қаласындағы Airbus оқу орталығында теориялық және практикалық даярлықтан өтіп, әуе кемесін басқару, пайдалану және техникалық қызмет көрсету ерекшеліктерін меңгерген.

Airbus A400M әскери-көлік ұшағы Қазақстанды қоса алғанда, он елдің қарулы күштерінде қолданылады. Олардың қатарында Түркия, Германия, Малайзия, Индонезия, Франция, Ұлыбритания, Испания, Бельгия және Люксембург бар.

A400M ауыр әскери техниканы алыс қашықтыққа тасымалдауға арналған. Сонымен қатар ол қысқа әрі арнайы жабын төселмеген ұшу-қону жолақтарына қонуға қабілетті. Бұл мүмкіндік Қазақстан Қарулы күштерінің жедел әрекет ету және тасымалдау әлеуетін арттырады.