Алматыдағы Dostyk Plaza сауда орталығына бомба қойылғаны туралы хабар тарады

Алматыдағы Dostyk Plaza сауда орталығына бомба қойылғаны туралы хабар тарады
Ашық дереккөз.

Алматыдағы Dostyk Plaza сауда-ойын-сауық орталығының келушілері 2 қарашада ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны туралы хабар түскеннен кейін эвакуацияланды. Оқиға орнына жедел қызметтер жетіп, ғимаратты тексерді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, сауда орталығына жарылыс қаупі туралы хабарлама түскен. Тексеру нәтижесінде ғимараттан жарылғыш зат табылмаған.

«Тексеру қорытындысы бойынша жарылғыш құрылғының бар екені туралы ақпарат расталмады. Дабыл тоқтатылды», – деп хабарлады полиция.

Оқиға кезінде сауда орталығына келушілерді кіргізу уақытша тоқтатылған. Әлеуметтік желілерде тұрғындар ғимараттың шығу есіктері жабылып, адамдардың ішке кіре алмай тұрғанын жазған.

Dostyk Plaza әкімшілігі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған барлық шара аяқталғанын хабарлады. Қазіргі уақытта сауда орталығы келушілер үшін ашық және қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.