Алматыда қоғамдық көліктерге қатысты тұрғындардың шағымы азаяр емес. Соңғы уақытта автобустарға адамдардың сыймай жатқан видеоларын жиі кездестірсек, енді әлеуметтік желіде автобус тасымалдаушыларының әкімдікке жолдаған хаты жарияланды. Онда субсидия бойынша 15 млрд теңгеден астам берешек жиналғаны және 2 қарашадан бастап автобустар санын 30 пайызға қысқарту мәселесі көтерілгені айтылған. Осы ақпаратқа қатысты Алматы әкімдігінен ресми түсініктеме алдық, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алматыда қоғамдық көлік мәселесі соңғы уақытта тұрғындар арасында жиі талқыланып жүр. Әсіресе, таңертең және кешкі қарбалас уақытта автобустардың шамадан тыс толуы жолаушылардың наразылығын туғызған.
Бұдан бөлек, қарбалас уақытта метроның жекелеген станцияларында да жолаушылар легі артып, турникеттер алдында кезек пайда болатыны жиі айтылып жүр.
Әлеуметтік желіде 15 млрд теңге берешек туралы ақпарат тарады

Қоғамдық көлікке қатысты шағымдар жалғасып жатқан тұста Threads әлеуметтік желісінде автобус тасымалдаушыларының қала әкіміне жолдаған хаты жарияланды.
Жазба авторы құжатқа сілтеме жасай отырып, әкімдіктің тасымалдаушылар алдындағы субсидия бойынша берешегі 15 млрд теңгеден асқанын мәлімдеді. Сондай-ақ жарияланымда қаржыландырудың кешігуі автопарктердің жанармай мен қосалқы бөлшектер сатып алуына қиындық туғызып отырғаны жазылған.
Автордың сөзінше, хатта 2026 жылғы 2 қарашадан бастап автобустардың желіге шығуын 30 пайызға қысқарту мәселесі көтерілген.
Алайда бұл ақпаратты әзірге Алматы әкімдігі ресми түрде растаған жоқ.
Әкімдік не дейді?
Осы мәселеге қатысты Алматы қаласының Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасынан ресми түсініктеме сұрадық.
Басқарманың хабарлауынша, әкімдік тасымалдаушыларға субсидиялардың қалған сомасын төлеуден бас тартпайды. Алайда бұл мәселе қалалық бюджетті кезекті нақтылау барысында қаралмақ.
«2026 жылдың басынан бастап бюджет қаражатын ұтымды пайдалану мақсатында субсидиялау көлемін кезең-кезеңімен оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтқанда, жолаушылар ағынын ескере отырып, жекелеген автобус бағыттарының қозғалыс кестелеріне түзетулер енгізілді. Жыл бойы субсидиялау бойынша есеп айырысулар бұрын қолданыста болған және түзетілген қаржыландыру көлемдерін ескере отырып жүргізілді», – деп хабарлады ведомство.
Сонымен қатар басқарма маршруттық желіге, жолаушылардың нақты ағынына талдау жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Бұдан бөлек, жолақы төлемінің деңгейін арттыру және жолаушыларды есепке алу дәлдігін қамтамасыз ету мақсатында бірыңғай бақылау-сызықтық қызметті енгізу жұмыстары қолға алынған.
Ведомство тасымалдаушыларға бекітілген жоспарларға сәйкес автобустардың маршруттарға толық шығуын қамтамасыз ету қажеттігі туралы хабарламалар жолданғанын да мәлімдеді.
Басқарманың түсіндіруінше, қабылданып жатқан шаралар қоғамдық көліктің қолжетімділігі мен сапасын сақтай отырып, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға бағытталған.