Қырғызстанда 24 күн бұрын жоғалып кеткен 28 жастағы жігіттің мәйіті табылды

Қырғызстанда 24 күн бұрын жоғалып кеткен 28 жастағы жігіттің мәйіті табылды
Фото: pixabay.com

Қырғызстан астанасы Бішкекте 9 қазаннан бері із-түзсіз жоғалған 28 жастағы Ханэл Жоробаевтың мәйіті табылды. Алдын ала болжам бойынша, ол шамамен 300 метр биіктіктен құлаған болуы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қайғылы жағдай туралы ақпаратты Бішкек қаласының Октябрь аудандық ішкі істер басқармасы растады.

Полиция мәліметінше, 2 қараша күні сағат 10:27 шамасында Көк-Жар ауылындағы «Панорама» саяжай аумағына жақын тау етегінен ер адамның денесі табылғаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына жедел тергеу тобы жіберілді. Алдын ала мәлімет бойынша, мәйітті Қырғызстан Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары анықтаған.

300 метр биіктіктен құлаған болуы мүмкін

Оқиға орнын тексерген тәртіп сақшылары тау беткейіндегі іздер мен тапталған шөпке назар аударған.

Алдын ала болжам бойынша, ер адам шамамен 300 метр биіктіктен құлаған болуы ықтимал. Мамандар мәйіттің аталған жерде 10 күннен астам уақыт жатқанын болжайды.

Қазіргі уақытта марқұмның денесі мәйітханаға жеткізіліп, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Өлімнің нақты себебі сараптама қорытындысынан кейін анықталады.

9 қазанда үйінен шығып, оралмаған

Тергеу мәліметінше, Ханэл Жоробаев 9 қазанда Бішкектің Октябрь ауданындағы Салқын көшесінде орналасқан үйінен шығып кеткен.

Сол күннен бастап жақындары онымен байланыса алмаған. 10 қазанда полицияға оның жоғалғаны туралы арыз түсіп, іздестіру ісі ашылған.

Бірнеше апта бойы тәртіп сақшылары мен туыстары жігітті іздегенімен, нәтижесінде оның денесі табылды.

Анасы ұлының өліміне қатысты күдігін айтты

Ханэлдің анасы қайғылы оқиғаның қалай болғанына қатысты өз болжамын жариялаған. Анасының пайымдауынша, ұлы жоғалған күні Ботаникалық бақ маңына бір қызбен кездесуге баруы мүмкін.

Анасы қыздың жігіттің жүрісіндегі ерекшеліктен қорқып, ағасын көмекке шақыруы ықтимал екенін айтқан. Ол ұлының біреудің қолынан қаза табу мүмкіндігін де жоққа шығармайды.

Алайда бұл – марқұмның анасының жеке болжамы. Құқық қорғау органдары оның сөзін ресми түрде растаған жоқ. Қазіргі уақытта Ханэл Жоробаевтың өліміне қатысты барлық мән-жай анықталып жатыр.