Вакцина тасымалдайтын 800-ден астам көлікке GPS-трекер орнатылады

Вакцина тасымалдайтын 800-ден астам көлікке GPS-трекер орнатылады
pixabay.com

Қазақстанда 3,5 мыңнан астам медициналық нысанда және вакцина тасымалдайтын 800-ден астам көлікте температуралық режим онлайн бақыланады. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Министрдің айтуынша, вакциналарды сақтау және тасымалдауды бақылаудың бірыңғай цифрлық жүйесі препараттарды Бірыңғай дистрибьютор қоймаларынан медициналық ұйымдарға жеткізудің барлық кезеңін қамтиды.

Осы мақсатта вакциналар сақталатын нысандарға мәліметтерді бірыңғай цифрлық платформаға автоматты түрде жіберетін температура датчиктері орнатылады. Ал тасымалдау кезінде температуралық режим мен көліктің қозғалысын бақылау үшін автокөліктер GPS-трекерлермен жабдықталады.

Температура көрсеткіштері белгіленген талаптардан ауытқыған жағдайда жүйе жедел хабарлама жіберіп, қажетті шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді.

Әлназарованың сөзінше, вакцинация қауіпсіздігі препараттарды дұрыс сақтау мен тасымалдауға тікелей байланысты. Сондықтан жаңа жүйе вакциналардың сапасы мен қауіпсіздігін жеткізудің әр кезеңінде бақылауға бағытталған.

Жүйені алдын ала іске қосу 2026 жылғы қарашаға жоспарланған. Цифрлық мониторинг вакциналарды сақтау сенімділігін арттырып, оларды тасымалдау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етуге тиіс.