Алматыда қандастардың тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін екі деректі фильмнің таныстырылымы өтеді

Алматыда қандастардың тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін екі деректі фильмнің таныстырылымы өтеді
Фото: Тілек Ырысбек

8 қарашада Алматыда Қытайдан тарихи Отанына оралған қандастардың тұрмысы мен қоғамға бейімделуін көрсететін екі деректі фильмнің тұсаукесері өтеді. Көрермен назарына режиссер Тілек Ырысбектің "Тұрсынхан апайдың шеберханасы" және "Қандас аспаздың арманы" туындылары ұсынылады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қос фильмде қандастардың жаңа ортаға бейімделуі, күнделікті тұрмысы және кәсіп бастау жолындағы тәжірибесі көрсетіледі. Режиссер кейіпкерлердің өмірі арқылы олардың қоғамнан өз орнын табуы мен жаңа байланыстар қалыптастыруына назар аударған.

Қол еңбегімен кәсібін қалыптастырған Тұрсынхан апай

"Тұрсынхан апайдың шеберханасы" деректі фильмі Қытайдан Қазақстанға көшіп келіп, өз еңбегімен кәсібін жолға қойған әйелдің өмірін баяндайды.

Тұрсынхан апай Ақши ауылындағы шағын шеберханада аяқкиімді қолмен тігеді. Туындыда оның күнделікті тіршілігі, табандылығы мен маңдай терінің арқасында жаңа ортаға бейімделу жолы көрсетілген. Режиссер бір адамның өмірі арқылы туған жерге оралған қандастардың тұрмысында кездесетін қиындықтары мен қол жеткізген мүмкіндіктерін ашуға тырысқан.

Алматыда дәмхана ашуды армандайтын аспаз

"Қандас аспаздың арманы" фильмінің басты кейіпкері – Аңсар Қожанұлы. Ол екі жыл бұрын Қазақстанға қоныс аударып, ел азаматтығын алған. Қазір отбасымен бірге Алматы облысындағы Бәйдібек би ауылында тұрады.

Аңсардың басты арманы – Алматы қаласында жеке дәмханасын ашу. Фильмде оның аспаздық өнері, кәсіп бастауға талпынысы және мақсатына жету жолындағы еңбегі баяндалады. Сонымен қатар көрермен өңірдегі Шыңжаң асханасы үлгісінде жұмыс істейтін дәмханалардың тыныс-тіршілігімен танысады.

Фильм көрсетілімінен кейін ойталқы өтеді

Екі деректі фильмнің көрсетілімі 8 қарашада сағат 15:00-де Алматы өнер музейінде өтеді. Көрсетілімнен кейін қандастардың медиада бейнеленуі, олар туралы материал әзірлеудегі этика, қоғамға бейімделу, кәсіп жүргізу және тіл мәселелері талқыланады.

Пікірталасқа журналист әрі медиа сарапшы Белла Қасымқызы, шығыстанушы, тарихшы және зерттеуші Елдес Орда, сондай-ақ фильмдердің режиссері Тілек Ырысбек қатысады. Кездесуді жазушы, аудармашы әрі Friedrich Shegirtke жобасының авторы Сафина Ақтай жүргізеді.

Туындылар өнер және қоғам тақырыбын көтеретін Friedrich Shegirtke тәуелсіз медиажобасы аясында жарық көрген. Бұған дейін жоба Тілек Ырысбектің "Шыңжаңдық адам", "Дина және дачаның балалары" және "Мақпал" деректі фильмдерін ұсынған.

Іс-шара Алматы қаласы, Әл-Фараби даңғылы, 28 мекенжайында өтеді.