Freedom-ның AI-кластері: су мәселесі, экология және қазақстандық әзірлеушілердің мүмкіндігі

Freedom-ның AI-кластері: су мәселесі, экология және қазақстандық әзірлеушілердің мүмкіндігі

Freedom өкілдері Қазақстанда дамып жатқан жасанды интеллект инфрақұрылымының қоршаған ортаға ықпалы, дата-орталықтарды салқындату технологиясы және болашақ AI-кластердің есептеу ресурстары кімдерге қолжетімді болатыны туралы сұрақтарға жауап берді. Freedom Cloud директоры Темірлан Зейналабдин салқындату жүйесінің жұмыс істеу қағидатын түсіндірсе, Freedom AI тобының бас атқарушы директоры Ренат Туканов кластердің барлық қуаты шетелдік компанияларға берілмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz. 

Осы және өзге де маңызды мәселелер Freedom AI: Inside Infrastructure іс-шарасы аясында өткен Public Talk кезінде талқыланды.

«Қуат үнемі жетіспейді»

Public Talk кезінде Қазақстандағы AI-инфрақұрылымның мүмкіндігі мен есептеу қуатына деген сұраныс та талқыланды. Freedom AI тобының бас атқарушы директоры Ренат Тукановқа халықаралық компаниялар есептеу ресурстарының басым бөлігін жалдап алса, қазақстандық әзірлеушілерге қуат жетпей қалмай ма деген сұрақ қойылды.

Тукановтың айтуынша, Қазақстанда есептеу ресурстарына деген сұраныс қазірдің өзінде жоғары.

«100 мегаватт – бұл өте көп GPU. Келісім неге миллиардтаған долларға жасалды? Өйткені қуаттың бұдан да көп қажет болатыны анық», – деді ол.

Спикердің мәліметінше, қазір компания инфрақұрылымында жеті дата-орталық бар, тағы екеуінің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы серверлік стойкалар саны шамамен 1900-ге жетеді.

«Бұл көп пе, аз ба? Тәжірибе көрсеткендей, үнемі аз болды. Қазір кейбір дата-орталықтарды бұдан да ертерек сала бастау керек еді деп ойлап отырмыз», – деді Ренат Туканов.

Дата-орталықтардың экологияға әсері қандай?

Freedom Cloud директоры Темірлан Зейналабдин дата-орталықтардың қоршаған ортаға ықпалын бағалау кезінде бірнеше факторды ескеру қажеттігін айтты. Соның бірі – нысандардан шығатын шу. Оның сөзінше, осы себепті дата-орталықтар көбіне елді мекендерден белгілі бір қашықтықта немесе тұрғындарға қолайсыздық тудырмайтындай жерде салынады.

Тағы бір маңызды мәселе – энергиямен қамтамасыз ету. Зейналабдин Қазақстанда газ, жел және күн энергетикасы дамып келе жатқанын атап өтті.

«Мұның бәріне уақыт қажет. Әрине, барлығы осы бағытқа қарап отыр. Мемлекет те энергетиканы, оның ішінде жаңартылатын энергетиканы осындай орталықтар үшін дамытатын болады», – деді ол.

Салқындату жүйесінде су қалай пайдаланылады?

Кездесу барысында дата-орталықтарды салқындату технологиясының ауыз су қорына ықтимал әсері де сөз болды. Темірлан Зейналабдиннің түсіндіруінше, сумен салқындату технологиясын суды сырттан үздіксіз алып, пайдаланғаннан кейін төгіп тастау үдерісі ретінде қарастыру дұрыс емес. Мұндай жүйелерде салқындатуға арналған сұйықтық арнайы контур ішінде айналып отырады.

«Сумен салқындатудың не екенін түсіну үшін ваннаны елестетіңіз. Екі құбыр бар: біреуі қызған сұйықтықты алып кетеді, ол салқындатылып, қайтадан жүйеге келеді. Яғни сұйықтық сол жерде айналып жүреді», – деп түсіндірді Freedom Cloud директоры.

Оның айтуынша, мұндай жүйелерде қарапайым судың орнына арнайы технологиялық сұйықтық та қолданылуы мүмкін. Оның құрамында салқындату жүйесінің жұмысына қажетті химиялық компоненттер болады.

Осылайша, спикер дата-орталықтардағы салқындату жүйесінің жұмысын түсіндіріп, сұйықтықтың тұйық контурда айналатынына назар аударды.

AI-кластердің бастапқы қуаты екі есе артты

Тукановтың сөзінше, AI-кластер жобасы бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде қуатты 2 МВт деңгейінде іске қосу жоспарланған. Алайда кейін бұл көрсеткіш шамамен 4 МВт-қа дейін ұлғайған. Жоба B300 серверлеріндегі кластерлерді қамтиды.

Спикердің айтуынша, бастапқы жоспар бойынша 2 МВт қуаттың жартысын Freedom компаниясының өзі пайдалануы керек болған. Қазір компанияның ішкі есептеу ресурстарына деген қажеттілігі одан да жоғары. Бұл деректер Қазақстанда AI-инфрақұрылымын дамыту аясында есептеу қуатына сұраныстың артып отырғанын көрсетеді.

Есептеу ресурстары қазақстандық компанияларға қолжетімді бола ма?

AI-кластердің негізгі қуатын халықаралық компаниялар пайдаланып, жергілікті әзірлеушілердің мүмкіндігі шектеліп қалуы ықтимал деген сауалға Ренат Туканов жеке тоқталды.

Оның айтуынша, кластердің басты мақсаты – Қазақстан ішінде есептеу ресурстарын қалыптастырып, оларға жылдам әрі бәсекеге қабілетті бағамен қол жеткізуге жағдай жасау.

«NVIDIA-ның өзі мұны sovereign cluster – егемен кластер ретінде позициялайды. Ол бірінші кезекте ел ішінде ресурстар болуы және оларға жеткілікті түрде жылдам әрі бәсекеге қабілетті бағамен қол жеткізу үшін жасалып жатыр. Барлығы ел ішінде өңделеді», – деді Туканов.

Сондай-ақ ол кластердің барлық ресурсы шетелдік компанияларға беріліп кетпейтінін атап өтті.

«Барлығы шетелдік компанияларға тиеді деген жағдай, әрине, болмайды», – деді Freedom AI тобының бас атқарушы директоры.

Осылайша, Freedom өкілдері жобаның негізгі міндеттерінің бірі Қазақстанның ішкі нарығында есептеу ресурстарының қолжетімділігін қамтамасыз ету екенін жеткізді. Дегенмен кластер қуатының отандық және шетелдік тапсырыс берушілер арасында нақты қалай бөлінетіні туралы толық мәлімет кездесуде келтірілген жоқ.