Кеше кешке Binance әмияндарынан белгісіз мекенжайларға миллиардтаған доллардың криптовалютасы аударыла бастаған. Бүгін биржа бұл шабуылды ресми растады. Нәтижесінде 6,3 миллиард долларлық криптовалюта ұрланды. Алдын ала тергеу бойынша, хакерлер компанияның DevOps инженері пайдаланған ноутбукке қол жеткізіп, ішкі технологиялық жүйеге енген болуы мүмкін. Нәтижесінде рұқсатсыз қаржы аударымдары жүргізілген, деп хабарлайды dalanews.kz Dala Inside телеграм арнасына сілтеме жасап.
"Binance біздің Астана халықаралық биржасында лицензияланған ірі криптобиржа болғандықтан, бүгін бірден реакция болды. Абырой болғанда криптовалютаның блокчейн технологиясы бұзылған жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, цифрлық әмияндардың жеке кілттері де сыртқа шықпаған. Енді криптоактивтері қолды болған инвесторлардың ішінде Қазақстан азаматтары бар ма, сол мәселе анықталады", - деді, DALA INSIDE дереккөзі.
Бүгін Binance басқа криптокомпаниялардың көмегімен шамамен 3 миллиард доллардың активін бұғаттағанын хабарлады. Бірақ қалған 3,3 миллиард долларға қатысты мәселе толық шешілген жоқ. Компания шығындарды өзінің капиталы және SAFU резервтік қоры есебінен өтейтінін мәлімдеп отыр. Дегенмен бұл қаражаттың барлығы біржола жоғалды деген түпкілікті қорытынды жасауға әлі ерте. Тергеу жалғасуда.
Биыл шілде айында Binance Kazakhstan теңгемен жұмыс істейтін реттелетін P2P сауда сервисін іске қосқан болатын. Яғни бұл платформа отандық қаржы инфрақұрылымымен де байланысып үлгерді. Осы тұрғыдан алғанда, қазақстандық нарық қатысушыларының алаңдауына негіз бар.
Біріншіден, халықаралық Binance инфрақұрылымындағы қауіпсіздік мәселесінің жергілікті платформаға әсері қандай болатыны маңызды. Екіншіден, қазақстандық клиенттердің активтері қалай сақталатыны және олардың халықаралық жүйедегі операциялардан қаншалықты оқшауланғаны туралы сұрақ туындайды. Үшіншіден, криптовалюта мен теңге арасындағы айырбастау операцияларының үздіксіздігі де назарда болады.
Әзірге Қазақстандағы Binance Kazakhstan клиенттерінің қаражаты жоғалғаны немесе жергілікті платформаның қауіпсіздік жүйесі бұзылғаны туралы расталған ақпарат жоқ. Сондықтан халықаралық деңгейдегі оқиғаны Қазақстандағы активтердің тікелей жоғалуымен шатастыруға болмайды. Алайда бұл жағдай отандық криптонарықтағы тәуекелдерді басқару жүйесіне ерекше назар аударуға негіз береді.
Мұнда тағы бір маңызды экономикалық мәселе бар. Криптовалюта биржасы дәстүрлі банк емес. Оның клиенттер алдындағы міндеттемелері, резервтерді сақтау тәртібі және шығындарды өтеу механизмдері банк секторындағы депозиттерді қорғау жүйесімен бірдей емес. Сондықтан Binance барлық шығынды өтейміз деп мәлімдегенімен, мұндай уәденің нақты қаржылық қамтамасыз етілуі мен орындалу мерзімі шешуші рөл атқарады.
Оқиға криптовалюта нарығындағы бағаға да әсер етті. Биткоин мен Ethereum арзандады, BNB токені де қысымға ұшырады. Бұл жерде басты тәуекел тек ұрланған миллиардтарда емес. Ірі биржаға деген сенім әлсіресе, инвесторлар активтерін басқа алаңдарға көшіруге тырысады. Мұндай жағдайда өтімділікке қысым күшейіп, бағалардың құбылмалылығы артуы мүмкін.