Әлеуметтік желіде @profiz.kz_zhuldyzay парақшасын жүргізетін физика пәнінің мұғалімі оқушылардың каникулы кезінде педагогтерге кемінде үш күн демалыс беру мәселесін көтерді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ұстаздың айтуынша, каникул кезінде оқушылар сабаққа келмегенімен, мұғалімдердің жұмысы жалғаса береді. Соның салдарынан педагогтерге күнделікті оқу үдерісінен толықтай алшақтап, тынығуға мүмкіндік берілмейді.
“Неге каникул кезінде мұғалімдерге үш күн демалыс бермеске? Сол уақытта жүйке жүйеміз тынығып, күнделікті жұмыстан бір сәт алшақтар едік. Мен күніне 180 балаға сабақ беремін. Олардың арасында сабақты тыңдайтыны да, тыңдамайтыны да, бұзықтық жасайтыны да бар. Оған ата-аналармен жұмысты қосыңыз”, – деді мұғалім.
Ол педагогтер каникул кезінде де мектепке келіп, қалыпты жұмыс тәртібін жалғастыратынын атап өтті. Мұғалімнің пікірінше, адамның миы жұмыс ортасынан алыстап, таза ауада серуендеп, басқа іспен айналысқан кезде ғана толық демалады.
“Каникул кезінде оқушылардан демалатын шығармыз, бірақ жұмыс үдерісі қайталана береді. Мектепке келіп, әріптестерімізді көреміз. Сонда ми қашан демалады? Адам тыныштықта, далада жүріп, басқа нәрсеге көңіл бөлген кезде ғана тынығады”, – деді ол.
Педагог жеке шаруалары мен денсаулығына уақыт бөлу де қиын екенін жеткізді. Оның сөзінше, дәрігерге бару үшін еңбекке жарамсыздық парағын аштыруға тура келеді.
“Мен қазір стоматологке баруым керек. Бірақ ол үшін еңбекке жарамсыздық парағын аштыруым қажет. Адам өз өмірінде өзіне де уақыт бөлуі керек қой. Мен өз баламды мектептегі әріптестерімнен де аз көремін. Күніне жұмыста 12–15 сағат жүремін, ал баламды екі-үш сағат қана көремін. Осыған ішім ауырады”, – деді мұғалім.
Ол каникул кезіндегі үш күндік демалыс педагогтердің күш жинауына, жүйкесін тынықтырып, жаңа идеяларға көңіл бөлуіне мүмкіндік беретінін айтты.
“Кем дегенде каникул кезінде үш күн демалыс берілсе, жүйке жүйеміз тынығып, жаңа идеялардың тууына мүмкіндік болар еді. Адамға тыныштық қажет. Мұғалімдер робот емес”, – деп түйіндеді педагог.