Алматыдағы РФММ асханасынан ішек таяқшасы, қызметкерлерден стафилококк анықталды

Алматыдағы РФММ асханасынан ішек таяқшасы, қызметкерлерден стафилококк анықталды
fizmat.kz

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде (РФММ) оқушылардың жаппай улануына байланысты тергеу жалғасып жатыр. 13 қазанда болған оқиғадан кейін асханаға жүргізілген санитариялық тексеру бірқатар заңбұзушылықты анықтады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, зертханалық сараптама кезінде кейбір дайын тағамдардан микробтық ластану белгілері табылған. Сонымен қатар тағам үлгілері мен ыдыстардан ішек таяқшасы анықталды. Ал асханада қолданылған залалсыздандыру ерітіндісінің құрамы санитариялық талаптарға сай болмаған.

Тексеру кезінде асхана қызметкерлерінің 38-і медициналық бақылаудан өткен. Олардың төртеуінен алтын түсті стафилококк бактериясын тасымалдаушылық анықталған. Осыған байланысты аталған қызметкерлер уақытша жұмыстан шеттетілді.

Бұдан бөлек, асханада азық-түлік пен тәуліктік тағам сынамаларын сақтау талаптары бұзылғаны белгілі болды. Бекітілген мәзір сақталмаған, кейбір құжаттар мен ас үй құралдарында тиісті таңбалар болмаған.

Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты РФММ әкімшілігіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Ал оқушыларды тамақтандыру қызметін көрсеткен «MasterFood» компаниясына қатысты материалдар полицияға жолданды.

Сондай-ақ аталған оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалған.