Қазақстан Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасында "Білім беру" көрсеткіші бойынша бірінші орынға ие болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
2025 жылғы Жаһандық инновациялар индексінің (Global Innovation Index) нәтижесі бойынша Қазақстан Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасында "Білім беру" көрсеткіші бойынша бірінші орынға ие болды. Әлемдік рейтингте еліміз 68-орынға шықты.
Халықаралық менеджментті дамыту институтының (IMD) Әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде де оң динамика байқалды. "Білім беру" көрсеткіші бойынша Қазақстан 69 елдің арасында 2021 жылғы 45-орыннан 2025 жылы 38-орынға көтеріліп, кейінгі бес жылдағы ең жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Тағы бір маңызды жетістік - Қазақстан орта білім беру жүйесіндегі оқушылар мен педагогтер санының арақатынасы бойынша 69 елдің арасында екінші орын алуы. IMD-ның Әлемдік таланттар рейтингінің мәліметіне сәйкес елімізде бір педагогке 8,34 оқушыдан келеді.
"Халықаралық рейтингтердің көрсеткіштері Қазақстанның білім беру саласындағы орнын айқындап, адами капиталды нығайтудағы білім беру жүйесін жүйелі дамытудың маңызын көрсетеді", - деді Оқу-ағарту министрлігі өкілдері.