Әлеуметтік желіде өзін Павлодар облысының Екібастұз қаласының тұрғыны ретінде таныстырған әйелдің Ресей президенті Владимир Путинге үндеу жолдаған бейнежазбасы тарады. Видеода ол Ресей әскерін Қазақстанға кіргізуді сұрап, қазақ халқына қатысты кемсітушілік сипаттағы мәлімдемелер жасаған. Бұл жағдайға байланысты заңгер құзырлы органдарды тексеру жүргізуге шақырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бейнежазбадағы әйел өзін Ольга Борисовна Хмжанова деп таныстырады. Ол Ресей президентіне тікелей үндеу жасап, Қазақстанға әскер кіргізу туралы өтініш білдірген.
"Украинадағы жағдайға байланысты, Владимир Владимирович, әскерді Қазақстанға да кіргізуіңізді өтінемін. Әрбір қазақ өзінің иесі орыс адам екенін есте сақтап, біліп жүруі үшін", – дейді ол бейнежазбада.
Мұнымен шектелмеген әйел Қазақстанның егемендігіне қатысты даулы пікір айтып, елдегі қазақтардың құқығына қатысты кемсітушілік сипаттағы сөздер қолданған.
"Ресейдің орыс қалаларын Ресей бәрібір қайтарып алады. Мен орыс адамымын және Қазақстандағы қазақтардың дауыс беру құқығы жоқ деп мәлімдеймін", – деген ол өз пікірін қолдайтындарды бейнежазбаға белгі қоюға шақырған.
Әлеуметтік желіде тараған бұл мәлімдемеге заңгер Мейірман Шекеев назар аударды. Ол Instagram парақшасында жариялаған жазбасында бейнежазбадағы сөздерге құқықтық баға берілуі керек екенін мәлімдеді.
"Меніңше, бұл әлеуметтік желідегі жай ғана пікір емес. Мұндай мәлімдемелерге құзырлы органдар бейнедегі азаматтың жеке басын анықтап, құқықтық баға беруі қажет деп санаймын", – деп жазды заңгер.
Ол Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Павлодар облыстық полиция департаментін аталған бейнематериалға назар аударуға шақырған.
Заңгердің пікірінше, бейнежазбада айтылған сөздер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша ұлттық, этностық және өзге де алауыздықты қоздыру, сондай-ақ 180-бабы бойынша сепаратистік әрекет белгілерінің бар-жоғы тұрғысынан тексерілуі тиіс.
"Ол үшін филологиялық-лингвистикалық сараптама тағайындалуы тиіс. Мен ешкімді алдын ала кінәлі деп отырған жоқпын. Бірақ заң бұзушылық белгілері болса, оған көз жұма қарауға болмайды", – деді Мейірман Шекеев.
Заңгер елдің бірлігі мен қоғамдық тыныштығына қауіп төндіруі мүмкін мәлімдемелер назардан тыс қалмауы керек екенін атап өтті.
"Еліміздің бірлігі мен тыныштығына қауіп төндіретін кез келген әрекет заң аясында тексеріліп, тиісті жазасы берілуі керек деп есептеймін. Заң бәріне ортақ", – деп түйіндеді ол.
Әзірге бейнежазбадағы әйелдің жеке басы мен оның айтқан сөздерінің мән-жайы ресми түрде расталған жоқ. Сондай-ақ құқық қорғау органдарының аталған жағдай бойынша тексеру бастағаны туралы мәлімет жоқ.